Арыстағы жарылыстың зардабын көрген тұрғындарға Қазақстанның түкпір-түкпірінен әр түрлі гуманитарлық көмектер көрсетілуде. #Арысбізбіргеміз акциясын қолдаушылардың саны артып келеді, деп хабарлайды Қазақпарат.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бір күндік еңбек ақысын жарылыстан зардап шеккендерге көмек беру қорына аударды. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды. «Арыстағы төтенше жағдай қазақстандықтарды бей-жай қалдырмады. Ел басына түскен ауыртпашылықтан ешкім шет қалған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бір күндік еңбек ақысын жарылыстан зардап шеккендерге көмек беру қорына аударды. Президент Әкімшілігінің қызметкерлері Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл бастамасын қолдап, көмек беруге қосылды», - деп жазды Берік Уәли.
Сондай ақ, Қазақстанның ішкі істер органдарының қызметкерлері бір күндік жалақыларын Арыстағы жарылыстардан зардап шеккен тұрғындарға аударатынын айтқан.
«ҚР ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаевтың Арыс қаласындағы оқиғадан зардап шеккендерге көмек көрсету туралы бастамасына еліміздің ішкі істер органдарының қызметкерлері қолдау көрсетті. Ішкі істер министрлігінің жеке құрамы және аумақтық бөліністері қаладағы төтенше жағдайдың салдарынан зардап шеккендерге көмек қорына біркүндік еңбекақыларын аударады»,- делінген аталған ведомство таратқан ақпаратта.
#Арысбізбіргеміз акциясына ҚР Сыртқы істер министрлігі де қатысып отыр.
«Осындай қиын сәттерде халықтың бірлігі мен жалпы қолдауы Арыс қаласының тұрғындары және бұл қайғылы оқиғаға бей-жай қарамайтын адамдар үшін аса маңызды.Сыртқы істер министрлігінің ұжымы мен Қазақстандық дипломаттар бірлестігі зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында өздерінің біркүндік жалақыларын аударады», -делінген министрліктің хабарламасында.
Сонымен қатар, қайырымдылық акциясында кәсіпкерлер де қалыс қалмады.
«Қазақстанның Джентльмендер клубы белгілі кәсіпкер, өз елінің нағыз патриоты, үлгілі джентельмен Оралбек Ботбайдың қолдауымен Арыстағы отбасылардың қажеттілігі үшін 10 млн теңге аударады. Қазақтар ешқашан бірін-бірі қиын кезеңде тастап кеткен емес. Біздің осынау көп ғасырлық ізгі дәстүріміз ХХІ ғасырда да жалғасын тапты», - деп жазды клуб көшбасшысы Арман Қашқынбеков өзінің Facebook-парақшасында.
Бұдан бөлек, Елорда әкімдігі Арыс қаласының 500 баласын барлық қажетті заттармен, киіммен, аяқ киіммен, мектепке қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, бір айға жазғы лагерьге жібереді. Қаланың зардап шеккен тағы 1000 баласына жазғы демалысты Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырады.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігі қазірдің өзінде 15-20 ірі кәсіпорын Арысқа демеушілік көрсетіп жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар облыс әкімдігі, «Nur Otan» партиясы БҚО филиалы және басқа мемлекеттік мекемелер қызметкерлері өз еріктерімен бір күндік жалақыларын аудармақшы. Сонымен қоса, өңірден 4 тонна астық, 5 тонна макарон және басқа азық-түлік өнімдері тиелген жүк көлігі Арысқа аттанбақ. Сондай-ақ құрылыс материалдары да жеткізілмекші.
Айта кетейік, қазақстандықтардан бөлек, өзге де мемлекеттердің елшіліктері арыстықтарға қолдау көрсетіп жатыр.
«Шымкент қаласындағы Әзербайжан мәдени орталығы зардап шеккен 500 тұрғынын түскі аспен қамтамасыз етеді», - деп жазылған Қазақстандағы Әзербайжан Елшілігінің Facebook-парақшасында.