26.06.2019, 16:46

Президент аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларына 5 мың білім гранты бөлінетінін айтты

Фото: Евророуминг
«Әзірше  5 мың, одан кейін бұл жүйе жұмыс істейтін болса, көре жатармыз», - деді Қ.Тоқаев.

Көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына 5 мың білім гранты бөлінеді. Бұл туралы бүгін Ақордада БАҚ өкілдеріне ҚР Президентінің сыйлықтары мен гранттарын табыстау рәсімінде  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы жылдың 1 қыркүйегінде аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары үшін жоғары оқу орындарына қосымша 5 мың білім гранты бөлінетін болады. Әзірше  5 мың, одан кейін бұл жүйе жұмыс істейтін болса, көре жатармыз», - деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл жұмыстың маңызды элементі әлеуметтік аз қамтылған халықтың ішінен талантты балалар мен жасөспірімдерді оқыту және жоғары оқу орындарына түсуге дайындау жүйесі болатындығын баса айтты.