27.06.2019, 11:35

«Арыс. Біз біргеміз»: Залалсыздандыру орталықтарынан 30-ға жуық маман келді

Дереккөздің мәліметінше, бұл топтар өздеріне бөлінген аумақтарды тазартқанша бірнеше күн жұмыс істейді.

Арыстағы төтенше жағдайға байланысты қала аумағында дезинфекция жұмыстарын жүргізу мақсатында Жамбыл және Қызылорда облыстарынан арнайы мамандар тобы келді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Түркістан облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

Дереккөздің мәліметінше, бұл топтар өздеріне бөлінген аумақтарды тазартқанша бірнеше күн жұмыс істейді.

«Жамбыл облысынан тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау департаментінен және өзге де залалсыздандыру орталықтарынан жалпы саны 30-ға жуық маман келді. Ал Қызылорда облысынан ұлттық сараптама орталығының осы өңірдегі филиалынан 17 маман келсе,  өзге де осы салаға жауапты мамандар залалсыздандыру жұмыстарын бастап кетті. Бұл бригадалардың бәрі техникамен, қажетті құрал-жабдықпен, қамтылған», - деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметіндегілер.

Еске салайық, 24 маусымда сағат 9.20-да Арыс маңындағы әскери бөлім территориясында орналасқан қару-жарақ қоймасында оқ-дәрілер жарылған болатын.