Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Нұрсұлтан Назарбаевпен апатқа ұшыраған Су-24М ұшағына қатысты пікір алмасты деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан Президенті болған оқиғаға байланысты өкініш білдіріп, ресей-түркия қарым-қатынасының нашарлауына алаңдаушылығын жеткізді. Мемлекет басшысы бұл байланыстар ұзақ жылдар бойы қалыптасқандықтан, тараптар оны сақтап қалу үшін жауапкершілік танытуы қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты оқиғаны анықтап, қалыптасқан жағдайдан шығу үшін екіжақты комиссия құру ұсынылды.
Р.Ердоған өз кезегінде Ресей Президенті В.Путинмен таяу арада кездесуге дайын екенін айтты.
Естеріңізге салайық, өткен аптада Түркияның әскери әуе күштері Ресейдің Сирияда арнайы операция жүргізген Су-24М әскери ұшағын атып түсірген болатын. Бортта болған екі ұшқыш та ұшақтан секіріп үлгергенімен, шекарадағы содырлар олардың бірін атып өлтірді. Екіншісін сириялық әскерилер құтқарып қалған.