29.06.2019, 16:50

«Тоқаевтың келуі көптің қорқынышын сейілтті»: ҚР Президенті барған эвакуациялық пункт (ФОТО)

Жол бойында орналасқан Тәуке хан мектебі Арыс тұрғындары қоныстанатын эвакуацияланған пунктің бірі ретінде таңдалғаны мәлім болып, мектеп басшылығы дереу осында жетеді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың келуі мұндағы жұрттың қорқынышын тарқатып, үрейін сейілтті. Түркістан облысының Ордабасы ауданына қарасты Төреарық ауылының Тәуке хан атындағы жалпы орта мектебінің директоры Алмасхан Рахымбай осылай дейді. Бұл мектепте 24 маусым күні түнде ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, осында Арыстағы жарылыстан эвакуацияланған 400-ге жуық тұрғынмен кездесті. Президент қауіпсіз жерлерге көшірілген Арыс қаласының тұрғындарын ыстық тамақпен, медициналық жәрдеммен қамтамасыз етіп, басқа да барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Мұнда қоныстанушылар да, оларға қызмет еткендер де президент тапсырмасының өте тыңғылықты орындалып, қажеттің барлығы молынан жеткізілгенін айтады, деп жазады SN.kz тілшісі. 

Төреарық ауылында жалпы саны 125-ке жуық үй бар. Барлығы 500-ге жуық адам тұрады. 2013 жылы ашылған Тәуке хан атындағы жалпы орта мектебінде 260-тай бала оқиды. 24 маусым – Арыстағы жарылыс күні мектеп ұжымы еңбек демалысында, оқушылар жазғы демалысында болған екен. Жарылыс хабары жетіп, сондағы Арыс тұрғындары жаппай қаладан кетіп жатқан сәтте, бұл мектептің түлектері Ордабасы ауданының орталығы – Темірлан елдімекенінде ҰБТ тапсырып жатқан. Жол бойында орналасқан Тәуке хан мектебі Арыс тұрғындары қоныстанатын эвакуацияланған пунктің бірі ретінде таңдалғаны мәлім болып, мектеп басшылығы дереу осында жетеді. Келіп, мектепті ашып, Арыс тұрғындарына дайындайды. «Әуелі 24 маусым күні сағат 15:00-де адамдардың алғашқы легі келе бастады. Сол күні түнгі сағат 00:00-ге дейін адам толастамады. Жалпы саны 400-ге жетті. Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет өкілдері 200 төсек-жабдығын әкеліп, дереу құрастырдық. Сынып кабинеттерінің барлығын жатын орынға айналдырдық. Әр кабинетке 12-15 адамнан жатты. Спорт залымызды тамақтану орнына айналдырып, мұнда үстелдер қойып, дастархан жасадық», - дейді мектеп директоры Алмасхан Рахымбай. Ол осы эвакуациялық пункттегі барша шаруаны қадағалап, көз ілмей қызмет еткен.

«Арыстықтар келіп бастаған сәттен ауыл адамдары да жетіп, отын жарып, суын тасып, тамақ істеп, барынша жәрдемін берді. Малын әкеліп сойып, азық-түлігін жеткізіп, көмек етті. Шымкенттен де кісілер келіп, демеушілік көрсетті. Әншілер, өнер адамдары, кәсіпкерлер де келіп, барынша көмек берді. Бұл көмектер 28 маусым – арыстықтарды үйлеріне қайтарғанға дейін жалғасты», - дейді директор.

Оның айтуынша, президент келерден бұрын сағат 19:00-дер шамасында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев келіп, барлығын өзі пысықтаған. «Мұндағы бір кабинетті президентке жағдайды баяндайтын орын ретінде жасақтады. Интерактив тақтасынан барша мәліметті көрсетті. Президент түнде келіп, барлығын өзі тексеріп, көріп шықты. Президенттің келуі мұндағы жұрттың қорқынышы басты. Үрейі тарқады. Олар президент өзі келіп, жүрген соң, қауіп жоқтығын сезінді. Мемлекет басшысы ғой. Мемлекет басшысының өзі жүруі үлкен демеу болды. Мұны әрбір қоныстанушы айтты. Халықтың мерейі өсті. Мектеп залына ұзындығы 25 метрлік төрт қатар үстел қойылды. Барлық қоныстанушы сонда тамақтанды. Президент келген сәтте сонда барлығы 360-тай адам болды»,-дейді директор. Айта кетсек, 24 маусымнан 25 маусымға қараған түні ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласымен шекаралас Ордабасы ауданының Төреарық ауылында орналаласқан Тәуке хан атындағы жалпы орта мектебіндегі эвакуациялық пунктке арды. Мемлекет басшысы төтенше жағдай болған аймақтан көшірілген тұрғындарды орналастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Президент қауіпсіз жерлерге көшірілген Арыс қаласының тұрғындарын ыстық тамақпен, медициналық жәрдеммен қамтамасыз етіп, басқа да барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың қауіпсіздігі мен олардың дүние-мүліктерінің сақталуын бақылауда ұстау қажеттігін ескертті. Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігіне, әсіресе балаларға ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

«Осы тәртіппен жұмысты жалғастырыңыздар. Үкіметке қалаға және оның тұрғындарына көмектесу туралы тапсырма берілді. Қазір біз ең бірінші кезекте адамдардың, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Екінші – көрсетілетін көмектер. Арнайы қор құрылды. Арысқа бүкіл Қазақстан көмектеседі. Мен халықпен жұмыс істеп жатқан қаланың жұртшылығына, ардагерлерге ризашылығымды білдіремін. Жарылыстың себептерін анықтау қажет. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу-тексеру басталды. Егер кінәлілер болса, олар заңмен қатаң жазаланады. Алдағы уақытта Арыс жарылғыш құрылғылардың барлығынан тазартылуы тиіс», – деді Қазақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев өрт пен оқ-дәрілердің жарылыс болған жерлерді қалпына келтіру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Мектеп директоры Алмасхан Рахымбайдың сөзінше, президенттің пункттегі тұрғындарға жәрдем беру тұрғысынан барлық тапсырмасы орындалған. Мұндағы қоныстанушыларды 28 маусым күні таңертең Арыстағы үйлеріне қайтарды. Алғашқы күні 360 адамнан асқан екен. 28 маусымға дейін соның 140-ы қалған. Директордың сөзінше, біразын туыстары келіп, алып кетті. Жартысы осында қалған. 140 адамның басым бөлігі ер адамдар болған.

«5 жасқа дейін 12 бала, 18 жасқа дейін 25 бала болды. 76-ы ер адам, 56-сы әйел адам болды. Адамдардың қажетін әр күні кешкісін түгендейміз. Демеушілер, жәрдем етушілер бар қажетті таңертең жеткізіп беріп отырды. Күніне екі мезгіл ыстық тамақ бердік. Қызылорданың волонтерлері келді. 40 қыз-жігіт келді. Тынбай жұмыс істеді. Қоныстанушылар үйлеріне қайтарында алғыстарын жаудырды»,-дейді директор Алмасхан Рахымбай.

Жомарт Иса