$ 494.87  520.65  4.91

Бауыржан Байбек алматылықтармен қоштасты

Байбектің пікірінше, халық пен билік арасындағы дәнекер – «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалу үлкен жауапкершілік екенін де атап өтті.

Бауыржан Байбек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалған. Алматы қаласының бұрынғы әкімі халықпен әлеуметтік желіде қоштасу постын жазды. 

«Құрметті, алматылықтар! Өзім туып-өскен Алматыға қызметке келгенім күні кеше ғана секілді еді. Міне, 4 жыл өте шығыпты. Осы кезеңде сүйікті қаламызға аянбай еңбек еттім. Көптеген жобаларды бірлесе іске асырдық», - деп сөз бастаған Байбек өзін қала әкімі етіп тағайындаған Назарбаевқа алғыс айтты.

Сондай-ақ ол Президент лауазымына кіріскеннен үнемі қолдау білдіріп, Алматыға арнайы келіп, метро және жолайырықтар құрылысының қарқынын үдетуге, қосылған аудандарда инфрақұрылымды дамытуға қолдау көрсеткен, сайлаудан кейін өзін қайта тағайындаған Касым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа үлкен алғыс білдірді.

«Қала әкімі қызметіне кірісе сала «Nur Otan» партиясының басымдықтары негізінде «Алматы-2020» бағдарламасын әзірлеп, оны қоғаммен тікелей талқыладық. Ол ойдағыдай іске асуда. «Қала адамдар үшін» концепциясы аясында бірқатар көшелер жаңғыртылды, өндіріс ошақтары ашылды, экономика өркендеп, ауқымды инвестициялар тартылды.

Қызметіміздің үлкен бір бағыты ұлттық рухты көтеру болды. Елбасы қолдауымен ЮНЕСКО аясында Алматының 1000 жылдығын атап өтіп, қаламыздың өткенінен сыр шертетін «Алматы музейін» аштық. Осылайша, Алматының мыңжылдықтар бұрын бабалар салған алтын бесік, атажұрт екенін айшықтадық. Ұлттық өнерімізді дәріптейтін халықаралық шаралар ұйымдастырып, бірқатар өнер ордаларын аштық», - деді ол. 

Осылай дей келе Байбек халық пен билік арасындағы дәнекер – «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалу үлкен жауапкершілік екенін де атап өтті.

«Халықтың мемлекетке және ертеңгі күнге деген сенімін арттыруға, ел бірлігін нығайтуға, яғни Елбасы бағдарын іске асыруға бағытталған партия саясатын орындауға бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз. Баршаңызға ықыласымды білдіре отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!», - деп түйіндеді сөзін ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары