Әйгілі жазушы Лев Толстой айтпақшы, «бақытты отбасылардың бәрі бірдей, бірақ әр отбасы өзінше бақытсыз». Сыртынан қарасаң бәрі жақсы, бірақ іштей іргесі сөгіліп жатқан отбасылар қаншама. Көбіне тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болатын – әйелдер. Құрбылар» дағдарыс орталығының жетекшісі Надежда Владырь жыл сайын 600-ге жуық әйелдің тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұматынын айтады. Жалпы, өліп кетпесе де, әйелдердің 60 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен, алайда, олардың тек 10 пайызы ғана тиісті орындарға шағымданатын көрінеді…
«Жалпы, еліміз бойынша әйелдерге заңдық-психологиялық тұрғыда көмек беретін 20 дағдарыс орталығы бар екен. Оның екеуі Алматыда орналасқан. Соның бірі – «Қамқорлық», екіншісі «Құрбылар» дағдарыс орталығы. Осы «Құрбылар»-дың ның жетекшісі Надежда Владырь жыл сайын 600-ге жуық әйелдің тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұматынын айтады.
«Олардың жас шамасы 30 бен 40-тың арасында. Күйеуінен көрген әлімжеттікті айтуға батылы жетпейтін әйелдер саны әлдеқайда көп» дейді ол. Себебі, егер әйел өзін қорғау үшін күйеуіне ауыр дене жарақатын салса, онда сот оны қылмыскер ретінде жазалайды. Оның көп жылдар бойы күйеуінің әлімжеттігіне шыдап, зорлық-зомбылық құрбаны болып келгені ескерусіз қалады. «Әсіресе, қаладан шалғай жерлерде аудандарда, ауылдарда мұндай жағдайға ұшыраған әйелдер не істерін білмей, шарасыз күйге түседі. Ең өкініштісі, зорлық-зомбылықтың көбісі Қаскелең, Есік, Кеген, Нарынқол сияқты шалғай аудандарда орын алады екен. Ал ол ауылдың тұрғындары өздерін қорғайтын арнайы орталықтар барын мүлде білмейді де», – дейді орталықтың басшысы.
Белгілі жазушы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның сарапшылар кеңесі хатшысы Камал Әлпейісова бұл мәселені бірнеше жылдан бері зерттеп келе жатқандықтан, еліміздегі дағдарыс орталықтары жайлы былай дейді: «Менің ұғымымда, дағдарыс орталықтары – ұлт намысындағы дақ. Өйткені, онда тұратындар – сүйіп қосылған, алтын айдарлы ұл-қыз туып беріп отырған жарынан, балаларының әкесінен зорлық-зомбылық көргендер. «Ұлттың ұяты» деп, «аз күндік қонақ» деп, «ел мен елді қосатын алтын көпір» деп әлпештеген қыздарымыз адам төзгісіз қорлықтан, жуан жұдырықтан, кейде тіпті, суық қарудан қорғану, жанын сақтау үшін қашып келіп, паналайтын жері. Ендеше, мұндай орындардың көбеюі – қазақтың мейірбан, ер мінез, намысты, тәрбиелі ұлдары азайып, ожар, жуан жұдырық, надан, қуыскеуде бөріктілердің көбейіп бара жатқандығының белгісі сияқты. Жер-жерде жасалып жатқан отбасылық зорлықтар – солардың ісі».
Жалпы, отбасылық жанжалдар мен олардың салдары жайлы ақпараттар БАҚ-та аз жарияланбайды. Әсіресе, ең сұмдық дерлігі осыдан біраз уақыт бұрын Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында болған оқиға. Он жыл отасқан күйеуі мен қайын жұртынан азап шеккен әйел шыдап жүріп-жүріп, соңында шегіне жетті ме екен, әйтеуір алдымен үш баласын асып өлтіріп, соңында өз-өзіне қол салған. Сондай-ақ, Қызылорда облысының Жосалы ауданында күйеуі әйелін ат құйрығына байлап, сүйретіп өлтірген. Қатыгездіктері бірінен-бірі өтетін мұндай қылмыстар тізбесі жаға ұстатады. Әйтсе де, бір таңқаларлығы осындай оқиғалардың тергелуін, істің қаралуын зерделеген адам біздің қоғамда қылмыс жасаушыларды айыптау емес, қорғау басым ба деген ойға қалуы мүмкін. Аталмыш мәселе төңірегінде заңгер Нұрбол Батырбай «Елімізде жыл сайын орын алатын түрлі қылмыстардың үштен бірінен астамы осы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық екен. Онда да ол меніңше шыдамның шегіне жеткен не ашынған, әйтеуір өзінің құқығын қорғауға батылы жеткен әйелдер. Ал, қанша жерден қан-жоса болса да, ары мен жаны тапталса да, сол босағада өлемін деп жүрген әйелдер қаншама?!
Әрине, қазақта сүттей ұйып отырған, берекенің бастауына айналған отбасылар аз емес. Алайда, сонымен қоса өкінішті жағдайлар да аз боп тұрған жоқ. Заң бойынша, бүгінде ер адам әйеліне қорлық көрсетсе, 10 күнге дейін қамауға алынады. Денесінде жарақаттың бар-жоғын дәлелдеудің қажеті жоқ. Өзін қорлап тілдегенін, балағаттағанын арызда көрсетуге болады. Егер еркек қол көтерсе, әйелдің шағымы сотқа жіберіліп, күйеуі 45 күнге дейін қамауға алынуы мүмкін. Ер адамға айыппұл салынады. Үлкен жетістікке жеткен, қызметте жүрген әйелдердің де отбасында зорлық-зомбылықтан зардап шегетінін көріп жүрміз. Олардың күйеулері құмар ойынға, ішімдікке салынып кеткен. Әйелдер көп жағдайда көніп отырады.
Негізі, біз бір нәрсені түсінуіміз керек: тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасылық мәселе емес, ол – кез келген басқа зорлық сияқты қылмыс. Сондықтан, ол дер кезінде құзырлы орындарға хабарланып, жаза тағайындалуы шарт», – дейді. Осы тұста бір нәрсені айта кеткен жөн, қазақ «еркек үйдің егесі, әйел үйдің шегесі» деп текке айтпаған. Расында, бізде отбасында ер адам басшы саналғанымен, ол тек таңертең кеткеннен кешке дейін түзде жүреді де, үйдегі тұрмыс-тіршілік, бала тәрбиесі түгел дерлік әйелдің мойнында. Яғни, әйелге «баланы өзің тудың, өзің қара, өзің өсір» деген міндет парыз сияқты, әйтеуір ер адамның әке болып баласына уақыты мен көңілін бөліп қарайтындары өте сирек. Ал, енді алда-жалда бала мүгедек боп туылса, онда тіпті әйел ауыз аша алмайды. Тіпті, ондайда еркектер отбасын тастап кетуге де бейіл секілді, көп жағайда туабітті науқас баласының тауқыметін әйелдер жалғыз арқалауға мәжбүр. Немесе күйеуі жанында болған күннің өзінде ұрыс-керіс, жанжал, қала берді, қол көтеруіне шыдап жүре береді. Болмаса, ажырасып кетеді. Алайда, ажырасқанда жағдай тіпті ушыға түседі. Бір емес, бірнеше бала-шағаны әйел қалай асырайды? Себебі, бірге тұрғанда өз міндетін дұрыс атқармаған әке ажырасқан соң тіпті төбе көрсетуден, балаларына тиесілі үлесті беруден қашады.
Негізі, көп жағдайда әйелдің күйеуі көрсеткен қорлыққа төзуіне «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» және «Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деген қағида да себеп. Мұны кісі өлтіріп жатса да немқұрайлы болуға үйрету демей, не дейміз?
Әйел – бүгінде заң алдында да ер азаматпен тең құқылы тұлға. Сондықтан, «шиеттей бала-шағамен қайда барам?» деп өлімші халге жеткенше, қорлыққа көніп жүре беретін әйелдерге айта кету керек, бүгінде елімізде дағдарысқа қарсы орталықтар және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Аналар үйі сияқты әйелдер мен аналардың құқығын қорғайтын үкіметтік емес ұйымдарды айтпағанда, арнайы осы мәселемен айналысатын ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы бар. Сондай-ақ, Адам құқықтарын қорғау бойынша жұмыс жасап жатқан «Сорос-Қазақстан» қорының ішінде де арнайы жобалар бар.
Мәриям ӘБСАТТАР