$ 449.58  486.94  4.86

Мереке қарсаңында ОҚО-да 13 әлеуметтік нысан ашылды

ҚР Тұңғыш Президенті күнін Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары айрықша атап өтуде. Мереке қарсаңында облыстағы аудан, қалаларда жалпы саны 13 әлеуметтік нысан ашылып, ел игілігіне тапсырылды деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. 

Мәселен, Түлкібас ауданында 4 әлеуметтік және кәсіпкерлік нысаны бой көтеріп, пайдалануға берілді. Елбасының 2020 жылға дейін балаларды балабақшамен 100 пайыз қамтамасыз ету жоспарына сәйкес, аудандағы Ынтымақ ауылында 100 орындық балабақша ел игілігі үшін жұмысын бастады. Әлеуметтік нысан «Балапан» бағдарламасы аясында мемлекет пен жекеменшік әріптестігі негізінде іске қосылды. Айта өткен жөн, 2 мыңнан астам халқы бар елдімекенде бұған дейін балабақша болмаған. Сондай-ақ, мереке аясында Түлкібастағы Күмісбастау елді мекені мен М.Жәрімбетов ауылында заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген медициналық бекет пен фелдьшерлік акушерлік тірек пункті ашылды. Бұл ауданда жалпы 53 медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, жергілікті жерде отандық өнімді дамыту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, халықты жұмыспен қамту бағыты аясында Азаттық ауылында минералды емдік-сауықтыру ас суын өндіретін «Кристал-су» ЖШС-і іске қосылды. Жылына 10 мың тонна өнім өндіретін цехта сусынның 6 түрі шығарылады.

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Сарыағашта апатты мектептердің саны біреуге азайды. Яғни аудандағы Тегісшіл елді мекенінде ашылған 300 орындық №34 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп жаңадан ашылды.

Сонымен қатар, Ордабасы ауданының екі ауылының тұрғындары да қуанышқа кенелді. Ондағы Ақсары ауылындағы «Ақсары» бастауыш мектебі мен Жаңа Тұрмыс елді мекеніндегі «Жамбыл» бастауыш мектептері жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Жалпы, жыл басынан бері Ордабасыда 4 бастауыш мектепке ғимарат сатып алынып, жаңа қонысқа жайғасып отыр. Ол үшін аудандық бюджеттен әрбір білім мекемесіне 13 миллион теңгеден қаралған.

Созақ ауданында да жаңа нысан бой көтерді. Аудандағы Тасты ауылынан ашылған 50 орындық балабақшаға «Катко» қазақ-француз біріккен кәсіпорны ЖШС-і демеушілік еткен.

Осы күндері төлебиліктер де мектепке дейінгі мекемелермен толықты. Аудандағы Аққұм елді мекенінде 80 бүлдіршінге шақталған «Ақжұлдыз», Зертас ауылында 100 балаға арналған «Ақбота бөбекжай» балабақшасы есігін айқара ашты. Сондай-ақ, мерекені тойлау барысында Төлебидегі Жамбыл және Қаратөбе ауылдарындағы мәдениет үйлері ағымдағы жөндеуден өтіп, аудан тұрғындарына қолданысқа берілді. Іргетасы 50-60 жыл бұрын қаланған өнер шаңырақтары аудандық бюджет есебінен жөнделіп отыр.

Сондай-ақ, Қазығұрт ауданында ардагерлер үйінің лентасы қиылды. Аудандық мәдениет сарайына қарасты ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, қариялардың игілігіне берілген нысан ардагерлер бөлмесі мен демалыс бөлмесі және әйелдер кеңесінің бөлмелерінен тұрады.

Оңтүстік Қазақстанда ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай, «Әлем мойындаған көшбасшы», «Елбасы оқыған кітаптар», «Менің елім – Менің Президентім», «Елбасы және Оңтүстік» т.б. тақырыптарда түрлі мәдени іс-шаралар мен кездесулер, фото көрмелер және спорттық жарыстар өткізілуде. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары