30.11.2015, 10:51

Жаңа Жолдауды жүзеге асыруға 7,2 трлн. теңгеден астам қаржы жұмсалады

«Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдау жобалаларын жүзеге асыруға 7,2 трлн. теңгеден астам қаржы жұмсалады. Бұл туралы бүгін аталған Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жария еткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Толықтай алғанда, Жолдауда ұсынылған барлық шаралар шынайы сипатқа ие және әр уақыттағыдай сенімді қаржыландырылумен қамтамасыз етілген. 2014-2015 жылдары шағын және орта бизнесті дамытуға қазірдің өзінде 1 трлн. теңге бөлінді», - деді Елбасы.

Сонымен қатар ҚР Президенті «Нұрлы жол» бағдарламасы жобаларына 2,7 трлн. теңге бөлінгенін айтты. Мұнан бөлек, тағы да 2,7 трлн. теңгені елімізде халықаралық қаржы ұйымдары беріп отыр. Қытай елі де 2,7 млрд. доллар көлемінде несие ұсынды.

«Толықтай алғанда, осы Жолдау жобаларын жүзеге асыруға 7,2 трлн. теңгеден астам қаржы тартылады. Бұл қаржылардың тиімді пайдаланылуы Үкіметтің басты міндеті және жауапкершілігі», - деді Н.Назарбаев.