Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мемлекеттік мейрамына орай, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 2015 жылғы 1 желтоқсаннан бастап номиналдық құны 20 000 теңгелік банкнотты айналысқа шығарады. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Бұл банкнот 2013 жылы дайындалған. Басқа ақша белгілерімен қатар, айналысқа шыққан кезеңнен бастап ол заңды төлем құралы болып табылады және төлемдер мен ақша аударымдарының барлық түрлерінде қабылдануға міндетті», - делінген хабарламада.
Банкноттардың дизайны айналыстағы ақша белгілерімен бірыңғай стильде орындалған: бет жағының басым бейнелері тігінен, ал сырт жағында көлденең орналасқан.
Банкноттың басым түсі көк-сұр. Бет жағында негізгі бейнелер «Қазақ Елi» монументі, пырақ және «Мәңгілік ел» салтанатты аркасы бейнеленген.
Банкноттың жоғарғы сол жағында пырақ бейнеленген, ол түркітілдес және көшпенді халықтарды қоса алғанда, көптеген мәдениетте таза нұр мен өмірдің, шабыт пен жемісті еңбектің, мақсатқа ұмтылушылық пен биліктің нышаны ретінде қабылданады.
Банкноттың төменгі жағында ортада «Мәңгілік ел» салтанатты аркасы еркін елдің мәңгілік идеясы, жалпыға ортақ Қазақстан үйінің ұлттық идеясы сәулет құрылысы тұрғысынан бейнеленген.
Сырт жағында банкноттың ортасындағы негізгі бейне Қазақстан картасының пішіні және астанамыз Астана қаласының Қазақстан Республикасының Конституциясында негізі қаланған билік тармақтарын бөлу қағидатын көрсететін тәртіппен орналасқан Ақорда, Парламент және Үкімет ғимараттары бар көрінісі бейнеленген.
Жаңа банкнот Қазақстан теңгесінің ең қорғалған ақша белгісі, сондай-ақ әлемдегі ең қорғалған банкноттардың бірі болып табылады. Қорғау үшін қолдан жасаудан қорғау индустриясындағы соңғы инновациялар, жалған ақша жасаушыларға қарсы іс-қимылдың жаңартылған әрі күшейтілген классикалық тәсілдері пайдаланылды. Бет жағындағы негізгі қорғаныш элементтері: банкноттың екі жағынан жарыққа тосып қарағанда көрінетін самұрық мифтік құсы түріндегі композиттік жетілдірілген сутамғы белгісі және мөлдір орын түріндегі құс пішіні. Дизайнының түпнұсқалылығын тексеруді жеңілдететін түс ауыстыру элементтері пырақ, мөлдір орында көрінетін қазақтың ою-өрнегі және түс ауыстыратын қорғаныш үзік-үзік жіп түрінде орналасқан.
Көзі нашар көретін адамдар үшін банкноттың оң жағында шетінде саусақпен ажыратуға болатын жеті жоғары бедерлі үшбұрыш басылған. Банкноттың сырт жағында бірқатар қорғаныш элементі бар: сутамғы белгісі, түс ауыстыру бояумен басылған ою-өрнек элементі бар мөлдір орын, жарыққа тосып қараған кезде бет жағындағы бөліктермен біртұтас суретті құрайтын қосарланған бейненің бөліктері. Банкноттың төменгі сол жақ бұрышындағы номиналы да көлбеу бұрышын өзгерткен кезде түсін ауыстырады.
Айта кетелік, 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2000, 5000, 10000 теңге банкноттардың біртіндеп айналыстан шығару мерзімдері ұзартылды. Көрсетілген мерзімге дейін бұл банкноттар заңды төлем құралы болып табылады және төлемдер мен банктік операциялар үшін Қазақстан Республикасының барлық аумақтарында қандай да бір шектеусіз қолданылады.
Содан соң 12 ай ішінде - 2016 жылғы 4 қазаннан 2017 жылғы 3 қазанға (қоса алғанда) дейін - көрсетілген ақша белгілері кез келген екінші деңгейдегі банкте айырбасталуға тиіс.
Бұл мерзімнен кейін барлық қалған 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2000, 5000 және 10000 теңге банкноттар 2020 жылғы 3 қазанға дейін барлық ҚР Ұлттық банк филиалдарында айырбасталуға қабылданатын болады. 2020 жылғы 4 қазаннан бастап банкноттар заңды емес болып табылады.
Жоғарыда көрсетілген банкноттардың айырбасталуы тегін, комиссия алусыз не айырбастау үшін ақысыз жүзеге асырылатын болады.