05.07.2019, 09:51

«Оян қазақ» деп жүргендерге «Ойлан қазақ» деп жауап берер едім – Ғабидолла Әбдірахымов

Фото: Айғақ
«Ең маңыздысы біз үшін ол тәуелсіздік, бейбіт өмір, xалықтың әл-ауқаты. Әрбір азамат бірінші өзінен бастау керек».

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов әлеуметтік желіде тараған «Оян қазақ» челленджіне өз пікірін білдірді.

«Халық көп. Әр адамның өз ойы бар. Миллион адамның миллион ойлары болады. Ал шешім біреу ғана. Шешім қабылдау, ол шешімді іске асыру өте үлкен жауапкершілік және жұмыс», - деді Шымкент қаласының әкімі. 

Сондай-ақ, Ғабидолла Әбдірахымов халық үшін ең маңызды дүниелерге тоқталып өтті. 

«Ең маңыздысы біз үшін ол тәуелсіздік, бейбіт өмір, xалықтың әл-ауқаты. Әрбір азамат бірінші өзінен бастау керек. Мен бұл өмірде не істедім? Қандай із қалдырамын? Мен туралы ертең балаларым не айтады деп. Болмайтын әңгіме және өсек айтқаннан түк те шықпайды. Мен "Оян қазақ" деп жүрген азаматтарға "Ойлан қазақ!" деп жауап берер едім!», - деп жазды ол Instagram-парақшасында.

Сонымен қатар, баспана мәселесін қозғаған желі қолданушысына да жауап берді. 

«Пәтерді тегін беретін бір елді айтыңызшы? Бүкіл Еуропа жалдамалы үйде тұрады», - деді Әбдірахымов.

Ал енді бірі «арық пен аялдама ауыстыра берудің орнына кеңестік дәуірдегі зауыт, фабрикаларды қайта қалпына келтіріңіз» деген ойын жеткізген. 

Бұл пікірге әкім 30 жылда көптеген зауыт салынғанын айтып, тіпті кеңестік уақытта болмаған көлік өндірісінің жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. 

Сондай-ақ желі қолданушыларының арасында әкімнің жұмысына қанағаттанатындары да табылды.