Отбасын құрып, шаңырақ көтеру өмірдегі ең маңызды қадамдардың бірі. Сондықтан оның шарттары мен талаптары заң жүзінде ғана емес, дін негізінде де дұрыс орындалғаны абзал. Алайда заңнан бөлек ислам дінінде де бірнеше себептермен некеге отыру тыйым салынады. Stan.kz ақпарат агенттігі Мүфтияттың Шариғат және Пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлынан неке қиюдың ережелерін, шарттарын және қандай жағдайда кімнің некесі мешітте қиылмайтынын анықтады.
«Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Екеуің ең баста өзара келіссеңдер және әйел сендерден берік уәде алса (некеге отырса), одан қалай ғана қалыңмал қайтарып аласыңдар?» — деп неке қиюды ауыр серт, берік уәде деп атаған.
Неке дұрыс болу үшін оның арнайы рүкіндері (некенің парызы - ред.) мен шарттары орындалуы тиіс.
Ханафи мәзһабында некенің рүкіні — ижап пен қабул. «Ижап» дегеніміз үйленгелі жатқан екі тараптың біріншісі отбасын құруды білдіретін сөзді айту. Ал "Қабул" екінші тараптың бірінші жақтың ұсынысына келісімін, разылығын білдіретін сөз.
Шарттары:
1. Неке қиылу кезінде куәлігі қабыл етілуі үшін талап етілген шарттары толық қамтылған кемінде екі куәгер болуы тиіс. Ол екі адамның екеуі де мұсылман ер адам немесе бір ер адам, екі әйел адам болуы керек. Бұл мәселеде Пайғамбардың (с.ғ.с) айтқан сөзі бар: «Куәгерсіз неке дұрыс емес» делінген. Сондықтан куәгерлерсіз неке неке болып есептелінбейді.
2. Некелесу сәтінде белгілі бір кісіге тұрмысқа шығып жатқан әйел үйленуге рұқсат етілгендердің санатынан болу керек. Егер тұрмысқа шығып жатқан ер кісіге үйленуі харам болса, яғни қарындасы, нағашы әпкесі, т.б. тәрізді мәңгілікке харам болған немесе әйелінің сіңлісі, оның нағашы әпкесі, немере әпкесі, біреудің некесіндегі әйел және басқа бір ер кісіден талақ алып идда мерзімін күтіп отырғандар сияқты уақытша харам санатынан болса неке дұрыс болмайды. Мұны барлық ғұламалар растайды.
3. Қызға сұраған сыйлығын беру. Шариғатта ол "Мәһір" деп аталады. Мәһір айтылмай, неке қиылса да, неке дұрыс болады. Алайда неке қиылып жатқанда екеуі (қыз бен жігіт) мәһірге келіспей қалса, мәһірді қабыл етпесе, неке дұрыс болмайды. Неке әйелдің құқығы болғандықтан, неке кезінде мәһір айтылмаса да кемінде он дирһам (шамамен 60 мың теңге) беруі - ерінің міндеті. Бермеген жағдайда мойнында қарыз болады.
4. Ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жету.
Ендеше жоғарыдағы шарттарды әрі қоғамызда тәртіпті ескере отыра, мешітте мынадай жағдайларда неке қиылмайды:
- Қарындасы, нағашы әпкесі, т.б. тәрізді мәңгілікке үйленуге болмайтын әйелдер болса;
- Әйелінің сіңлісі, оның нағашы әпкесі, немере әпкесі, т.б. уақытша үйленуге болмайтын әйелдер санатынан болса;
- Ажырасып, идда мерзімін күтіп отырған әйелге;
- Өзге дін өкіліне тұрмысқа шығып жатқан мұсылман қызға;
- Куәгерлері толық болмаса;
- Ата-ананың разылы мен рұқсаты болмаса;
- АХАЖ-дан некелерін растайтын ресми қағазы болмаса неке қиылмайды», — дейді Медет Құрмашұлы.
Неке — адам баласының ұрпағы қияметке дейін жалғасу үшін шариғаттың бекітіп қойған заңдарының бірі. Сондықтан имам мұның өте жауапты қадам екенін естен шығармауға кеңес береді.