Ресей астанасында тіршілік кешіп жатқан үш қазақстандық Мәскеудегі Қызыл алаңда күмбірлете күй шертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат РФ-дегі ҚР Елшілігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Айта кеткен жөн, шілденің алғашқы жексенбісін ұлттық аспабымыздың төл мерекесіне айналдыру туралы шешім ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен былтыр қабылданған болатын.
Бұл Жарлық Ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде қоғамды одан әрі топтастыру мақсатында шығарылған еді. Міне биыл «Ұлттық домбыра күні» мейрамын Қазақстан жұртшылығы екінші рет тойлап жатыр. Екі шектің мерекелі үнін бүгін қазақ даласының әр түкпірінен ғана емес, Мәскеуден де естуге болады.
Ресейде тұрып жатқан бауырларымыз үшін «Домбыра күнінің» ерекше екендігін бейнесюжеттегі жүрекжарды тілектерінен де айқын аңғаруға болады.