07.07.2019, 12:50

«Табиғи апат»: Сарыағашта әскери бөлімнің жанынан өрт шықты (ВИДЕО)

Өрттің аумағы үш гектарды құрады.

Түркістан облысының әскері бөлімінің жанынан тағы да өрт шықты. Осы оқиға туралы Айгүл Орынбек өзінің Facebook желісіндегі парақшасында хабарлады. 

«Сарыағаш әскери бөлім жанып жатыр. Биыл әскери қойма мен бөлімдер атылып, жанатын жыл болды. Ермекбаев айтпақшы бұл да «табиғат апаты», ең бастысы адам шығыны жоқ болсыншы!» - деп жазды ол.

Төтенше жағдайлар комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, 6 шілде күні Сарыағаш ауданы аумағындағы №2020 әскери бөліміне жақын жердегі құрғақ шөп өртенген.

Өрт сөндіру бөлімдері қысқа уақыттың ішінде өртті сөндіріп үлгерген.

Өрттің аумағы үш гектарды құрады.

Қызыл жалынды ауыздықтау үшін Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамының 22 маманы мен 4 техникасы жұмылдырылды.

Зардап шеккен ешкім жоқ.