Жазда балалар лагерге, ата-апасының жанына ауылдық аймақтарға жіберіледі, олар әлбетте суға шомылғысы келеді, сонымен қатар күннің ыстығы, жәндіктер мен тез бұзылатын тағамдар - осының барлығы балалар үшін түрлі қауіптер әкеледі.
Ата-аналарға балаларына өте мұқият болу қажет, өйткені демалыс орындарында түрлі қауіптер төнуі мүмкін. Жазғы демалыс кезіндегі қарапайым қауіпсіздік ережелері балаларды қорғауға мүмкіндік береді.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы балаларға әдемі әрі қауіпсіз демалысты қамтамасыз ету жолдарын атады.
Жәндіктердің шағуы
Жаз келе шыбын, маса, сона, кене, құрт-құмырсқа сияқты түрлі жәндіктер мен шыбын-шіркейлер көбейе бастайды. Терезеге арналған москит торы немесе қарапайым дәке – балаларды жәндіктерден қорғайтын маңызды элемент болып табылады.
Ал серуендеу кезінде балаларға арнайы репеллент майлықтары көмектеседі, олардың құрамына сіңірілген ерекше иіс жәндіктерден бірнеше сағатқа қорғайды.
Балараның, сонаның немесе араның шағуы кейде анафилактикалық шок және астматикалық ұстамаға дейін күрделі аллергиялық әсердің пайда болуына әкеледі. Мұндай жағдайда баланы шұғыл түрде ауруханаға емдеуге жатқызу қажет.
Баланы кененің шағуынан қорғау үшін шашты және дененің ашық жерлерін жабу қажет – басына бас киім, кеудесіне жеңі ұзын жейде, аяғына балағы ұзын шалбар, жабық аяқ-киім кигізу қажет.
Тамақтан улану
Баланы тамақ ішер алдында қолды жууға немесе дымқыл майлықпен мұқият сүртіп шығуға үйретіңіз. Күн ыстықта тез бұзылатын азық-түліктерді жемеңіз.
Көкөністер мен жеміс-жидектерді көбірек жеуге тырысыңыз және жеу алдында мұқият жуыңыз. Маусымынан ерте шыққан жемістерді сатып алмаңыз.
Көлік оқиғалары
Балаға жастайынан жол көлік қозғалысы ережелерін үйрету қажет.
Велосипедпен жүрген кезде шлем кигізіңіз және оны велосипедке арналған жолақта ғана тепкені дұрыс. Көлік қозғалысы бағытында қозғалып жүру қажет, қараңғыда жүруге болмайды, көзге көрінетіндей жарық, шағылыстыратын киім кигізгеніңіз жөн.
Суға кетуден сақтану
Балаларды жүзуге және суға батпай тұру тәсілдеріне үйреткен жөн. Балалар көл жағасында ересектердің қарауында болуы керек. Белгіленбеген орындарда жүзбеуін және буйканың арғы жағына шығып кетпеуін қадағалаңыз.
Құтқару кеудешелері, жүзу бассейндерінің айналасындағы қоршаулар, қауіпті су қоймаларының қоршаулары және шұғыл алғашқы көмек суға батып кетуден қорғайтынын естен шығармаңыз. Қайықта болған кезде құтқару кеудешесін міндетті түрде кию керек.
Осы қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, балаларыңыздың демалысын барынша қауіпсіз ете аласыздар.