Оралда мектеп мұғалімінің туберкулездің ашық түрімен ауырғаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орал қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, оқиға №47 орта мектепте тіркелді.
26 маусым күні аталған мектептің математика пәні мұғалімінің қос өкпесінен бірдей инфильтративті туберкулез БК+ ауруына (ашық түрімен) шалдыққаны жөнінде басқармаға жедел хабарлама түскен. Осыған орай санитарлық-эпидемиологиялық және санитарлық-алдын алу шаралары қолға алынды. Мектепте дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді.
А. есімді мұғаліммен 16 қызметкер және 74 оқушы, ал отбасынан 3 адамның қарым-қатынас жасағаны анықталды.
Қазіргі кезде барлық мұғалім мен отбасы мүшелері, оқушылар тексеруден өтуде.
«Ауырған мұғалімнің өзі емделуде», - аталған басқармадан.