$ 447.4  477.55  4.76

Зайытовтың әкесі: «Халық Риннаттан билікке қарсы адам жасап алған»

«Ол негізі билікке емес, биліктің қателігіне қарсы адам»,-деді ақынның әкесі Рифхат Зайытов.
Фото: stan.kz
Фото: stan.kz

Танымал ақын Ринат Зайытовтың әкесі Рифхат Зайытов журналистерге сұхбат беріп, ұлы жайлы көпшілік біле бермейтін құпиялармен бөлісті деп жазды KYN.KZ.

«Ринат дүниеге келетін кезде де қызық болды. Ол отбасындағы төртінші перзент. Анасы үш баладан қиналған болар, осыған келгенде дүниеге әкелгісі келмеді. Содан мен қарсылық танытып, бала 1983 жылы дүние есігін ашты.

Ол кезде қиыншылық кезең басталған сәт. Бірақ баланы періштесі қағады дейді ғой, кез келген қиындықтан Ринат әйтеуір жолы болып шығып кететін.

Ол мектеп оқып жүрген кезде анасымен ажырастық. Ешқандай ұрыс болған емес. Осылай дастархан басында сөйлесіп, келісімге келіп, бір костюммен үйден шығып кеттім.

Ажырасуымызға Ринаттың алдындағы үш балам қарсы болды, реніштерін айтып жатты. Ринат бетіме бір ауыз қатты сөз айтқан емес. Содан олар Семейге көшіп кетті. Сол жақта оның алдынан басқа адамдар жолықты. Сері, ақын кісілер оған жол көрсете бастады. 

Өзіммен қалғанда мен он бір бітіртер едім, мүмкін басқа салада адастырар едім. Әр заттың қайыры бар, отбасындағы қиындық Ринатты тәрбиеледі деп ойлаймын. Содан ол бала күнінен аймақтағы елдің аузына іліне бастады.

Өзім жолдастар арасында әзіл, шарж жазып тұрамын. Оны Ринат жаттап алып елге оқитын. «Елге жайылады ғой енді» деп жолдастар кейде ренжіп жататын. Ринаттың есте сақтау қабілеті мықты болатын»,- дейді әкесі.

Әкесі алдыңғы екі ұлын ұрып тәрбиелегенімен Ринатқа еш ұрыспапты.

«Алдыңғы екі ұлды ұрып, соғып өсірдім. Қатал болдым. Ринатты ұрмақ түглі, ұрысқан емеспін. Оған ақындық, серілік аталарынан келген.

Өзімнің бабаларым кезінде танымал ақын болған. Ринатты саясиланып кеткен дейтіндер бар. Мен мектепте оқу ісі бойынша меңгерушімін. Ұлыма «кейде директордың ісі дұрыс болмайды, бірақ мен оны бетіне айта алмаймын» дейтінмін.

Керек кезде шегініс жасап, бір саты төмен түсуге болатынын айтқанмын. Енді бала не сөйлесе де өзі шешім шығарады. 

Мен өз парызымды жасадым. Бірақ, кейде Ринатпен сөйлесіп отырсаң арасында патшаны мақтан тұтады. Халық өзі Риннаттан билікке қарсы адам жасап алған сияқты. Ол негізі билікке емес, биліктің қателігіне қарсы адам. Қателікті Назарбаев емес, айналасындағылар жасап жүр. Сын айтпай мін түзелуші ме еді?»,-деді ақынның әкесі Рифхат Зайытов.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары