Түркия премьер-министрі Ахмет Дәуітоғлы Ресейдің Анкараға енгізіп отырған санкциялары халықаралық құқықтарға еш сай еместігін айтты. Ол Ресей билігін келісімге келуге шақыруда деп жазады Reuters.
Бұған дейін Түркия мен Сирия шекарасында түрік әскерилері Ресейдің Су-24 әскери ұшағын атып түсірген болатын. Осыған жауап ретінде РФ Түркияға қарсы бірнеше санкция жариялады. Олардың қатарында орыс туристерінің Түркия курорттарына жіберілмеуі, түрік тауарларының Ресей нарығынан шығарылып тасталуы секілді қатаң шаралар бар. Бұл өз кезегінде Түркия экономикасына ауыр тиетіні сөзсіз.
Дәуітоғлы аталған санкцияларға қарсы Түркия тарапы да жауап қайтаратынын мәлімдеп отыр. Оның айтуынша, қарсы санкциялар қажет болған жағдайда жарияланады. Ал, соған жеткізбеу үшін ол Ресей билігін келіссөздер жүргізуге шақырды.