15.07.2019, 10:31

«Ұлым 22 жас үлкен әйелмен көңіл қосып жүр»: әйел адам басынан өткен оқиғасымен бөлісті

Баласының болашағына сенген ана, ұлының үйленіп, келін әкелетін күнін асыға күтіп жүр. Алайда баласы жас қызбен кездесудің орнына, жасы елуге таяп қалған әйелмен көңіл қосқан.

Ана үшін баласынан жақын адам жоқ. Айжамал есімді тұрғын үлкен ұлы үшін қатты алаңдап жүргенін айтады. Сөзінше, 25 жастағы ұлы Нұрлан өзінен 22 жас үлкен әйелмен көңіл қосып жүр екен. Жас жігіт жақындарының қарсылығына көңіл бөлер емес. Тығырыққа тірелген кейіпкер жан сырын ақтарды деп жазады NUR.KZ порталы.

Нұрлан Айжамал (ред.ескертпе кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілді) апайдың тұңғышы. Жас жігіт мектеп бітіргеннен кейін оқуға түсіп, университетті өте жақсы тәмамдаған. Баласының болашағына сенген ана, ұлының үйленіп, келін әкелетін күнін асыға күтіп жүр. Алайда баласы жас қызбен кездесудің орнына, жасы елуге таяп қалған әйелмен көңіл қосқан.

«Менің балам бойы ұзын, өте сымбатты жігіт. Кез келген қызды өзіңе ғашық ете алады деп ойлаймын. Үнемі тап-таза болып киініп, өзіңе қарап жүреді. Университеттке оқып жүрген кезінде, группалас бір қызбен жақын араласатын. Кейін не себепті екені белгісіз, айырылысып кетті. Қазір жеке мекемеде жұмыс істейді. Көңіл қосып жүрген әйел жаңағы компанияның басшысы болып шықты», - дейді Айжамал апай.

Айжамал апай баласының «сүйіктісі» туралы аяқ астынан біліпті. Нұрланмен әлгі әйелдің бірге қыдырып жүргенін құрбысы көріп қойған. Көпшілік алдында үлкен әйел баласындай жігітке асылып, жас қыздай еркелеп жүрсе керек. Бұл жағдайды естігенде кейіпкердің денсаулығы нашарлап, ауырып қалған.

«Нұрланым мұндай әрекетке барады деп ойламап едім. Өзінің анасымен жасты әйелмен көңіл қосуы деген сұмдық жағдай ғой. Баламды ашық әңгімеге шақырдым, бірақ ол мені тыңдағысы келмеді. Жеке өміріме араласпаңдар дейді. Менің ойымша, ол әйел менің баламның басын дуалап алған. Әйтпесе, менің ұлым мұндай қадамға бармас еді», - дейді ол.

Айжамал апай баласының егде жастағы әйелдің байлығына қызығуы мүмкін дейді. Өйткені Нұрлан бала кезінде жоқшылықты көп көріпті. Ал егде жастағы сүйіктісі болса, ұлына қымбат көлік алып беріп, қала орталығынан элиталық пәтер жалдап берген. Жас жігіттің қалтасы ешқашан бос жүрмейді екен.

«Баламның ақша үшін мұндай арсыздыққа барғанына сенгім келмейді. Бірақ шындық осы сияқты. Өйткені жас жігіт өзінен 22 жас үлкен әйелге ғашық болуы мүмкін емес қой. Мен бұл жағдайға түсіністікпен қарай алар емеспін. Күннен-күнге ұлым екеуміздің арамыз бұзылып, бұрынғыдай жақын сырласпайтын жағдайға жетті», - дейді Айжамал апай.

Әйел адам ұлының қазіргі сүйіктісімен сөйлесуге де барыпты. Алайда жағдайы жақсы келіншек Айжамал апайды мүлдем тыңдамған көрінді. Жас жігіт өзін сүйетінін айтқан әйелдің бақыттан көзін шел басқанға ұқсайды.

«Жасы 47-де болса да, өзің күтіп қалған әйел екен. Менің ұлымды шын жақсы көретінін айтады. Бірақ бұл мүмкін емес қой. Бірінші күйеуінен екі баласы бар екен. Үлкен ұлының жасы он алтыда. Менің Нұрланыммен жақын араласады деп қояды. Мен бұл жағдайға мойынсұна алмаймын. Жұрттың алдына шығудан қалдым, ұяттан жерге кіріп кетердей болып жүрмін», - дейді Қызылорда қаласының тұрғыны.

Соңғы уақытта Айжамал апай Нұрланның тапқан табысын алмайтын болыпты. Ұлы ақша ұсынса, теріс айналып отыратынын айтады.