15.07.2019, 11:39

«Луна жарылады, билік істеп бермейді» деген ақпараттың тарап жатқаны бекер емес - блогер

Фото: SN.kz
Сондай-ақ, ол құқық қорғау органдарынан мүдделі топты анықтауын сұрады.

Арыс қаласы тұрғындарын ашуландырып, билікке қарсы қою мақсатында мүдделі топ бар. Блогер әрі заңгер Айгүл Орынбек Facebook-парақшасында осындай ой қалдырды. 

«Билік тек екі терезеңді ғана істеп бер деп айтты» деген белгісіз екі жігіт жапа шеккен тұрғындардың үйін аралап жүр екен. Онсызда жүйкесі тозып отырған халықтың жүйкесімен ойнау қазіргі билікке керек емес! Бұл жерде бір мүдделі топтар жұмыс істеп отырған сияқты», - деді Айгүл Орынбек. 

Сондай-ақ, ол құқық қорғау органдарынан мүдделі топты анықтауын сұрады. 

«Түркістан облысы полициясына және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің назарына! «Луна жарылады, билік істеп бермейді» деген сияқты ақпарат тарап жатқаны бекер емес! Халықты ашуландырып, көшеге шығарып ылаң тудыру деп ойлаймын. Сол себепті Арыс қаласындағы қауіпсіздік жағдайын күшейтіп, мүдделі топты анықтауларыңызды сұраймын!», - деп жазды блогер. 

Сонымен қатар, ол Арыс қаласының тұрғындарына да үндеу қалдырды. 

«Арыс қаласының тұрғындарынан сұранарым, егер осындай күдік тудыратын азаматтар келіп жатса, бірден камераға түсіріп полицияға немесе маған хабар берулеріңізді сұраймын!», - деп қорытындылады блогер жазбасын.