$ 445.66  474.58  4.78

Қазақстандық 14 банк тексеріледі

ҚР Ұлттық банкі төрағасы 1 тамыздан бастап банк активтерін бағалауға көшеді.

Қазақстанның банк жүйесінде банк активтерінің сапасына кешенді тәуелсіз бағалау жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі. 

Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді. 

«Тексеруге банк жүйесіндегі барлық активтің 87% құрайтын 14 банк енгізілген. Биылғы шілде айының соңына дейін халықаралық консультант - Oliver Wyman компаниясымен бірлесіп, Еуропа орталық банкінің әдістемесін бейімдеу жұмысын аяқтаймыз», - деді Ерболат Досаев. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 14 банкке қатысты жұмыстың қалай жүргізілетінін сұрады. 

«Бұл – шетелдік қатысушылары бар қазақстандық банктер. Еуропа орталық банкінің әдістемесін бейімдеу жұмысы 29 шілдеге қарай аяқталады. 1 тамыздан бастап банк активтерін бағалауға көшеміз. Бұл жұмыс биыл қарашаның соңында немесе желтоқсан айының басында аяқталады. Әрі қарай Үкіметпен бірлесіп, банк активтерін бағалау қорытындысы бойынша шаралар мен ұсынымдарды ескеріп, алдағы 2-3 жылда өткізетін шаралардың арнайы жоспарын құрамыз. Банк активтерін бағалау инвестор тартуға және Қазақстанның банк жүйесінің беделі мен сенімін арттыруға мүмкіндік береді деп есептейміз», - деді ол. 

Айта кетейік, елордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Жиынға Үкімет мүшелері, Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен министрліктердің басшылары қатысуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары