Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап шетелдерде тұратын миллиондаған қандасымызды туған елге қайтару бағытында ұтымды көші-қон саясатын жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде осы жылдары Қазақстан Республикасы 944 мыңнан астам ағайындарды қабылдады, қазіргі уақытта олардың саны елдегі халықтың жалпы санының 5,5%-ға жуығын құрайды.
Алдын ала деректер бойынша, бүгінгі уақытта ТМД елдерінде 1,8 млн.адам және алыс шетелдерде 1,4 млн. адам тұрады. Кейбір деректерде шетелдердегі қазақтардың саны 5 млн.-ға жуықтайды делінеді. Қалай болғанда да, тарихи Отанына келуді аңсап, армандап жүрген қандастарымыздың санының әлі де көптігі бізді ойлантады. Оларды елге қабылдап, қоғамға кіріктіруіміз керек.
Көші-қон үдерістерін реттейтін «Халықтың көші-қоны туралы» Заң 1997 жылы қабылданып, ол сол кезде ТМД елдеріне үлгі тарихи құжат болды. Бірақ, кейінгі жылдары осы заңды жетілдіруде, орындалу тетіктерін жақсартуда мемлекеттік органдар тарапынан жүйелі шаралар жеткіліксіз алынып келді, осының салдарынан этностық көші-қонды ұйымдастыруда орын алып келген проблемалар аз емес. Олардың бірі көшіп-қонушыларды орналастыруды ұйымдастыру болып табылады. Этностық қазақтардың көші-қон ауқымы көшіп келушілерді жайғастыруда өңірлер арасында теңгерімсіздікке әкеліп соқтырды.
Көші-қон саясатын жүзеге асыру жылдарында заңнамада әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша қоныстандыру үшін келіп жатқан бауырларды Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстандыруды бекіту талаптары қарастырылмады. Республиканың аумағында тұрғылықты орынды алыстан келген ағайындар өз бетінше таңдады.
Осыған орай, қандастарды қоныстандыру өңірлердің әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін ескермей, бірдей емес жүргізілді. Әдеттегідей, шығу елдері отандастардың қоныстану өңірлерін айқындады. Соның нәтижесінде, бүгінгі таңда ағайындардың басым көпшілігі 4 аймақта қоныстанып келді. Оңтүстік Қазақстан облысында – 21,2% (немесе 193,8 мың адам), Алматы облысында – 15,8% (144 мың адам), Маңғыстау облысында – 12,6% (114,4 мың адам), Жамбыл облысында 9,5% (86,3 мың адам) орналасқан. Осы жерде басып айта кететін мәселе, әлеуметтік көмек орналастыру өңіріне қарамастан, барлық бауырластарға бірдей көрсетілді.
Осындай жағдайлар 2013 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» Заңға өзгерістер енгізуге мәжбүр етті. Осы Заңға сәйкес, қандас мәртебесі этностық қазақтарға тек Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныстанған ағайындарға ғана берілетін болды. Этностық қазақтар барған еліміздің қалған өңірлерлерінде оларға қандас мәртебесі берілмеді. Тұруға ықтиярхат алу үшін олар өз төлем қабілеттілігін растауға тиіс болды (бұл ретте, отбасының әр мүшесіне екінші деңгейдегі банктерге шамамен 2,5 млн.теңге орналастыру міндеттелді). Қандастардың азаматтық алу құқығы қандас мәртебесін алғаннан кейін 4 жылдан кейін пайда болатын болды. Сондай-ақ, қандастардың көшіп келу квотасы және тиісті әлеуметтік төлемдер алынып тасталды.
Алайда, терең сараптама, жан-жақты талдау жасалмай қабылданған заңнама шетелдерден келетін қандастарымыздың көші-қонын күрт баяулатты. Бұл жағдайға байланысты Елбасымыз тікелей тапсырма беріп, Үкіметтен этностық қазақтардың тарихи Отанына оралуын ынталандыруға бағытталған этностық көші-қон саясатын жетілдіруді талап етті. Нәтижесінде, қайтадан «Көші-қон туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін заң жобасы дайындалып, ол биылғы жылдың басында Парламент Мәжілісіне келіп түсті.
Заң жобасын жан-жақты қарау және осы саладағы қордаланған проблемалық мәселелерді осы заң аясында шешу үшін 43 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылып, оның құрамына депутаттар, мемлекеттік органдардың – Сыртқы істер, Ішкі істер, Әділет, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, ағайындарды біріктіретін үкіметтік емес ұйымдардың, Халықаралық көші-қон ұйымының өкілдері және тағы басқа жауапты қызметкерлер кіргізілді.
Заң жобасын қарау барысында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің 2 кеңейтілген отырысы, жұмыс тобының 17 отырысы өткізіліп, депутаттар тарапынан 200-ден астам ұсыныстар мен толықтырулар келіп түсті. Олар бойынша жұмыс тобының отырыстарында тиісті шешімдер қабылданды. Ал заң жобасы Парламент Мәжілісінде екі оқылымда қабылданып, Парламент Сенатына қарауға ұсынылды. Заң жобасымен бүгінгі күні шетелдердегі қандастарымыздың Қазақстан Республикасының азаматтығын алуда, визаны ұзартуда туындап отырған бірқатар мәселелер шешімін тапты.
Атап айтқанда, ендігі жерде этностық қазақтар, қоныстанған өңіріне қарамастан, қандас мәртебесін ала алады, сондай-ақ, олар Қазақстан Республикасының азаматтығын тұрғылықты тұруға рұқсат алғаннан кейін 1 жыл мерзімде, өтініш берген күннен бастап 3 ай ішінде жеңілдетілген тәртіппен ала алатын болды. Бұрын олар Қазақстанда 4 жыл тұрақты тұруға міндетті еді. Сол сияқты, Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға ықтиярхат алу үшін этностық қазақтардан өзінің төлем қабілетін растау да талап етілмейтін болды. Ал ағайындар Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда жұмыспен қамту бойынша шаралар шеңберінде оларға көлік шығындарын өтейтін (отағасына 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, әрбір отбасы мүшесіне 35 АЕК мөлшерінде), қызметтік тұрғын үй немесе жатақханадан бөлме беруді құрайтын әлеуметтік пакет көзделуде. Сондай-ақ, еліміздің бір өңірінен Үкімет айқындаған екінші өңірге қоныстанған бауырлардың да әлеуметтік қолдауды алуға мүмкіндігі болады. Сонымен қоса, алғашқы қоныстанған өңірден 5 жыл мерзімнен бұрын қоныс аударып кеткендердің алған көмектерін қайтару міндеттері қарастырылған.
Сонымен қатар, заң жобасына депутаттар тарапынан кейбір проблемалық мәселелерді шешуге бағытталған түзетулер енгізіліп, олар Мәжілістің жалпы отырысында бірауыздан қабылданды:
— шетелдердегі дарынды этностық қазақ жастарының келуін және Қазақстан азаматтығын алуын ынталандыру мақсатында Қазақстандағы жоғары оқу орындарында оқитын этностық қазақ студенттеріне жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығын беру көзделді;
— Қазақстан Республикасында тұратын алыстан келген ағайындар мен шетелдіктерге визаны ұзарту мәселесін жеңілдететін, яғни визаны ішкі істер органдары арқылы ұзартуға мүмкіншілік беретін нормалар қабылданды, бұрын 3 ай сайын визаны ұзарту үшін қандастарымыз шыққан мемлекеттеріне барып қана ұзарта алатын еді;
— отбасын біріктіру мақсатында шетелдерде тұратын этностық қазақтардың арасындағы туыстарын Қазақстан Республикасына қоныстандыру үшін азаматтардың шақыртуларын қарайтын және куәландыратын құзыретті жергілікті атқарушы органдарға беру туралы нормалар қабылданды;
— ағайындардың Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты алу кезіндегі қиындықтар туғызып келген кейбір кедергілер жеңілдетілді, атап айтқанда, бұрын тек бір құқық бұзушылық болған жағдайда рұқсат берілмесе, заң жобасымен бірнеше рет құқық бұзушылық болған жағдайда ғана рұқсат берілмейтін норма алынды;
— қандастардың Қазақстан азаматтығын алғанға дейін жеке сәйкестендіру нөмірлерінің (ИИН) болмауынан балаларын мектепке, балабақшаға орналастыруда, емхана, ауруханаларда тіркеліп емделуде, зейнетақы жарналарын және әлеуметтік төлемдерді аударуда қиындықтардың болуына байланысты, осы заң жобасымен мұндай жеке сәйкестендіру нөмірі қандас мәртебесін алғаннан бастап берілетін болып белгіленді, яғни куәлігі жеке сәйкестендіру нөмірі бар құжаттардың тізбесіне енгізілді;
— бауырластар қызметтік немесе жеке тұрғын үйі болмаған кезде қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында, білім беру мекемелерінің жатақханаларында уақытша тіркелу құқығын беру туралы түзету қабылданды.
Сонымен бірге, Қытай Халық Республикасынан қоныс аударған қандастарымыздың қойып жүрген екі мәселесі бойынша да тиісті шешімдер қабылданды.
Бірінші – шыққан мемлекеттің келісімі туралы анықтама бойынша: заң жобасымен жұмыс жасау барысында депутаттар тарапынан бұл мәселе әлденеше рет көтеріліп, нәтижесінде мұндай анықтама Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 7 сәуірдегі №315 қаулысымен Мемлекеттік қызметтер стандарттарындағы тізбеден Қытайдан келетін қандастарымыз үшін алынып тасталды.
Екінші – соттылығы жөніндегі анықтама бойынша: жұмыс тобының тапсырмасымен Ішкі істер министрлігі Қытайдан қоныс аударған этностық қазақтардың соттылығы туралы анықтаманы алудағы проблемалар жөніндегі мәселені Қытайдағы Қазақстан елшілігі арқылы зерделеді. Нәтижесінде, анықтаманы Қытайдың әр провинциясы өздерінің үлгілерімен беретіндігі, бірақ өтелмеген соттылығы бар адамдардың елден шығуына байланысты мәселе терең зерттеуді қажет ететіндігі анықталды. Министрлік алдағы уақытта Қазақстандағы Қытай елшісімен кездесіп, осы бағыттағы жұмысты жалғастыратыны жөнінде ақпарат берді. Жалпы, біздің ойымызша, бұл мәселе заңмен емес, халықаралық келісім- шарттармен немесе Үкіметтің қаулысымен реттелуге тиіс.
Осы заң жобасымен, сонымен қатар, ішкі көші-қон саласындағы проблемаларды шешуге бағытталған нормалар да қабылданды.
Бүгінгі таңда ішкі көші-қонды реттеуде демографиялық, экономикалық, өнімділік, еңбек үйлесімсіздіктері қалыптасып отыр. Мәселен, осы жағдай сақталған кезде, 2050 жылға қарай солтүстік өңірлердің халқы 0,9 млн. адамға қысқарып, оңтүстік өңірлердің халқы 5,2 млн. адамға көбейеді. Болжамдар бойынша, оңтүстік өңірлердің қоныстану тығыздығы солтүстік өңірлердің қоныстану тығыздығынан 4 есеге артады.
Оңтүстік өңірлерде (Алматы қаласын қоспағанда) Қазақстандағы халықтың 38%-ы тұрады, олардың жалпы өңірлік өнімдегі (ЖӨӨ) үлесі тек 17%-ды құрайды. Солтүстік өңірлерде тұратын халықтың 29%-ына ЖӨӨ-нің 25%-ы келеді. Ал дүниежүзілік тәжірибеде экономикалық өсу негізінен халықтың ең көп шоғырланған аудандарында жүзеге асады. Дәл сол жақтарға негізгі инвестициялар бағытталады, дарынды жастар да сонда ұмтылып, ғылым мен инновациялар да сонда қалыптастырылады.
Қазақстан Республикасында жағдай керісінше қалыптасып отыр. Халық ең көп шоғырланған оңтүстік өңірлерде өнімділік ең төмен, батыс облыстарда ең жоғары, солтүстік өңірлерде әлемдік деңгейге жақын екендігін белгілеу қажеттілігі туындауда. Сол сияқты, таяу арадағы 5 жылда 90-шы жылдардағы демографиялық өсудің азаюына байланысты жаңа қызметкерлер ағымының азаюы байқалатын болады. Осыған орай, жұмыс күшіне сұранысты ішкі резервтерді – жұмыссыздар мен өзін өзі жұмыспен қамтығандардың есебінен қамту жоспарлануда.
Міне, осы заң жобасында ішкі көші-қон саласындағы Қазақстан Республикасының аумағы бойынша халықтың орналасу диспропорциясы мәселесін шешу мүмкіндіктері қарастырылды. Осыған орай, заң жобасында жұмыс күші көп өңірлерден Үкімет айқындаған еңбек ресурстары тапшы өңірлерге көшкендерге көлік шығындарын өтейтін, қызметтік тұрғын үй немесе жатақханадан бөлме беру, шағын несиелер беруді құрайтын әлеуметтік пакет қарастырылатын болады.
Сонымен қатар, Үкімет айқындаған өңірлерде жоғары оқу орындары мен колледждерді көбейтіп, олардың жанында орналасқан жатақханаларда орын санын ұлғайтып, тығыз қоныстанған аймақтардағы ауыл жастары үшін солтүстік өңірлерде арнайы оқу гранттарын ұйымдастыру ұсынылады.
Алдағы жылы Мемлекет басшысы 1991 жылғы 31 желтоқсанда жариялаған «Атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық» мақаласына (1992 жылдың 1 қаңтарында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған) 25 жыл толады. Ал осы заң жобасы Елбасының сол мақалада айтылған тапсырмаларды жүзеге асыруда шетелдердегі қандастарымыздың тарихи Отанына оралуын әрі қарай ынталандырады, сөйтіп, Қазақ көшін жандандырады деп сенеміз.