Эволюция барысында алынған табиғаттың өзін-өзі реттеу мүмкіндігі бүгінде бұзыла бастады. Адамның табиғат заңдарымен есептеспей, табиғи ортаға және биогеоценозға жасанды өзгерістер енгізуі оларды беріктігінен айыруда, бұл экожүйелердегі түпкі өзгерістерге, биоаймақтың бұзылуына алып келуде.
ХХ ғасырда Қазақстан өз аумағында қуатты «экоапатқа» тап болды. Биоаймақтың табиғи кешендеріне антропогендік әсер ету және табиғи ресурстарды пайдалану деңгейінің өсуі нәтижесінде Байқоңыр мен Семей өңірлерінде локалды техногенді апаттар пайда болды. Бүгінгі күні су ресурстарын жөнсіз пайдаланудың теріс салдары жалпыға мәлім, Арал теңізінің алабындағы, негізінен Арал өңірінің аймағындағы экологиялық жағдай Орталық Азия елдеріне де экологиялық дағдарыс тудыруда.
Болашақта экономика салаларын дамытудың қазіргі қарқыны жағдайында Қазақстан үшін су тапшылығы да бой көтермек. Қазақстан Президенті – Елбасының Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында әлемнің 30 ең дамыған мемлекеттерінің қатарына кіру бойынша және елдің дамудың «жасыл» жолына көшуі бойынша стратегиялық міндет айқындалған.
2012 жылғы маусымда «Рио+20» тұрақты даму бойынша конференцияда әлемнің барлық елдері Президент Н.Ә. Назарбаевтың бастамасын – «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы мен «Ғаламдық энергиялық-экологиялық стратегиясын» қолдады.
Қазақстан экономикалық дамудың «жасыл» бағытына көшу туралы шешім қабылдаған. Сөйтіп, Президенттің 2013 жылғы 30 мамырдағы Жарлығымен «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдама бекітілді. «Жасыл экономика» елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі болып табылады. Есептеулер бойынша 2015 жылға «жасыл экономика» шеңберінде қайта құру қосымша 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу, өнеркәсіптің жаңа салаларын және қызмет көрсету салаларын құру, халықтың өмір сапасының жоғары стандарттарын қамтамасыз ету мүмкіндігін береді.
Тұжырымдаманы экономикалық өсімнің «жасыл бағытына» көшу тұрғысында қабылдау аса маңызды болып табылады. Біріншіден, тұжырымдамаға сәйкес жақын 20 жыл ішінде Қазақстанда инфрақұрылым айтарлықтай жаңарады және дамиды: аталған активтердің жалпы көлемінен ғимараттың 55%-ы және электр стансасының 40%-ы 2030 жылға қарай жаңадан салынатын болады. Сондай-ақ, автокөлік паркінің 80%-дан астамы да 2030 жылға қарай жаңармақ. Осылайша, ел үшін ресурстарды тиімді пайда- ланатын жаңа инфрақұрылым құрудың бірегей мүмкіндігі туып отыр. Екіншіден, «жасыл» технологиялардың бәсекеге қабілеттілігі тез өсуде және балама энергетиканың көптеген технологиялары таяу болашақта дәстүрлі көздермен салыстырғанда электр энергиясын өндірудің шығыны аз әдістерін ұсынатын болады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы және басқа да бағдарламалық құжаттар алдыға асқақ мақсаттар қойып отыр. Мәселен, электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі балама және жаңғырмалы электр энергиясының үлесі 2050 жылы 50%-ға жетуі тиіс. Ал тиімді энергияда ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығын 2008 жылғы бастапқы деңгейімен салыстырғанда 2015 жылға 10% және 2020 жылға 25% төмендету міндеті тұр. Су ресурстары бойынша 2020 жылға халықты ауыз сумен және 2040 жылға ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету проблемасын шешу қажет.
Үкіметтің 2013 жылғы 31 шілдедегі қаулысымен Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі 2013 — 2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары қабылданып, ол 2014 жылғы қыркүйекте және 2015 жылғы сәуірде жаңартылды.
Республика облыстарының аумақтарын дамыту бағдарламаларында қоршаған ортаның сапасын тұрақтандыру және жақсарту, электр энергиясының жаңғырмалы көздерін дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жетілдіру және дамыту, сумен қамту жүйесін жетілдіру және дамыту, жылумен қамту жүйесін жетілдіру және дамыту және ауыл- шаруашылық дақылдарының егіс алқаптарын жақсарту бойынша мақсаттар мен міндеттер көзделген.
«Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасын алға жылжыту бойынша елеулі жұмыстар жүргізілуде. 2014 жылғы 21 мамырда Астана экономикалық форумы шеңберінде «Жасыл Академия» ғылыми-оқыту орталығымен, Қазақстандағы Еуропалық одақтың өкілдігімен және ЮСАИД миссиясымен бірлесіп ұйымдастырылған «SmartGreenBusinessForum» панельдік сессиясы өтті, онда ЖКӘБ қабылдаудың маңыздылығы мен өзектілігі баса айтылды, оны одан әрі дамыту мәселелері және алға жылжыту тетіктері талқыланды.
2014 жылы 2014-2016 жылдар кезеңіне ЖКӘБ-ті одан әрі алға жылжыту бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді, оның шеңберінде ЖКӘБ-ті іске асыру бойынша әртүрлі шаралар, оның ішінде қазақстандық кәсіпорындар арқылы «жасыл» технологиялар трансфертін қамтамасыз ету көзделген.
Қазіргі уақытта «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы хартиясына 14 ел (Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Грузия, Германия, Моңғолия, Беларусь, Черногория, Латвия Республикасы, Финляндия, Мажарстан, Албания, Болгария және Швеция) және «Фин Су Форумы» фин қауымдастығы қосылды.
2015 жылдың басында Қазақстан мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі елдік бағдарлама жобасын іске асыру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Батыс Еуропада, Кавказда және Орталық Азияда (БЕКОА) «Жасыл өсім» стратегиясын дамытуға және көміртегі қалдықтарын азайту» жобасы, «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын басқарудың басты элементтері бойынша саяси үнқатысуды талдаудың және қолдаудың мақсаты қоршаған ортаны қорғауға жауапты Қазақстанның мемлекеттік органдарының әлеуетін арттыру және «жасыл» инвестициялар бағдарламасын іске асыру үшін қажетті бюджеттік қаражаттар мен халықаралық қаржыландыруға қол жеткізуде ең үздік халықаралық тәжірибелердің үлгілеріне сәйкес «жасыл» инвестициялар бағдарламасын әзірлеу бөлігінде мемлекеттік қаржыны басқару болып табылады.
Мемлекетіміздің алтын капиталы саналатын адам денсаулығын жақсарту, әсіресе жас ұрпақтың тәнінде ақау, жанында кірбің болдырмау мәселесі ел болғалы бері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айтып келе жатқан табанды тапсырмасы
Бұл туралы Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясында: «Біз экологиялыққа баса назар аудара отырып, ұлттық бәсекеге қабілетті брендтер құруға тиіспіз. Нәтижесінде мен агроөнеркәсіптік кешеннің алдына – экологиялық таза өндіріс саласындағы жаһандық ойыншы болу міндетін қоямын», деді. Қоршаған ортаға залалын тигізетін құрылымдарды бірте-бірте жойып, оған балама көздерін табу қазір қолға алыну үстінде. Облысымызда табиғатты таза сақтау бойынша «жасыл экономика» жобалары жасалып, іргелі жұмыстарға басымдық берілуде. Соның бірі – күн нұрынан қуат өндіру болса, екіншісі – жел энергетикасын заман талабына сай қолданысқа енгізу, сол арқылы табиғатты таза сақтау. Елбасы Жолдауындағы он жаһандық сын-қатерінің дені азық-түлік қауіпсіздігіне, су, табиғи ресурстарды, энергетикалық, тағы да басқа адам өміріне қажетті дүниелерді таза сақтай отырып, дамыту жолдары айқындалғанын көріп отырмыз. Сол секілді, «жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы аясында атқарылатын шараларға құқықтық, экономикалық, ғылыми негіздер қалай отырып, табиғатты керегімізге қарай игеру, игерілген байлықты тиімді тұтыну, яғни, байтақ жеріміздің әр түп жусанын сақтау көзделген. Осындай елдік істі мінсіз атқарудың заңнамалық жол-жосығын Президенттің таяуда бекіткен «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдама туралы» Жарлығында жан-жақты дәйектелген. Мысалы, «Ел алдында тұрған «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі негізгі басым міндеттер: 1) ресурстарды (су, жер, биологиялық және басқа) пайдалану мен оларды басқару тиімділігін арттыру; 2) қолда бар инфрақұрылымды жаңғыртып, жаңаларын салу; 3) қоршаған ортаға қысымды жұмсартудың рентабельдік жолы арқылы халықтың әл-ауқаты мен қоршаған ортаның сапасын арттыру; 4) ұлттық қауіпсіздікті, соның ішінде су қауіпсіздігін арттыру болып табылады», дей келіп, «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдама 3 кезеңде іске асатыны алға тартылады. Бұл экология саласында жүрген азаматтарға үлкен міндет жүктеліп отырғаны белгілі. Отанымыздағы экологиялық мәселелерді «жасыл экономика» аясында шешу жайы VI Астана экономикалық форумы кезінде жан-жақты әңгіме арқауына айналған еді. Ол Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі ұйытқы болып «Индустриялық революция – «жасыл экономикаға» көшу» деген тақырыпта өткізген халықаралық сессиясы еді. Сессияға қатысушылар алдында Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров баяндама жасап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың біз жоғарыда айтқан, «жасыл экономикаға» өту Тұжырымдамасын бекіткенін, сол құнды құжат негізінде жыл сайын елімізде «жасыл» модернизацияға ұлттық ішкі жалпы өнімнің 2 пайызын құрайтын инвестициялар салу қарастырылып отырғанын тілге тиек етіп, Президенттің: «2050 Стратегиясы қазіргі ең басты міндет. Мақсат айқын, жақсы әрі тиімді Үкімет бар. Мемлекет экономикалық дамудың жоғары деңгейінде тұр. Бұл «жасыл экономика» бойынша міндетті орындауға мүмкіндік береді. Айта кету керек, міндетті орындау оңайға соқпайды. Бірақ, біз қуатты экономикалық өсім арқылы мұратымызға жетеміз», деген еді. Ол сонымен қатар, мемлекетіміз даму қарқыны жағынан өңірде көшбасшы болып отырғанын, табиғи капиталдың мол екендігін алға тартып, ресурстарды тиімді пайдалану қажеттігін жеткізіп, бұл Отанымыздағы табиғи экожүйені сақтауға мүмкіндік беретінін назарға салған болатын. Біздің топшылауымызша, алда айтылған ауқымды жұмыстарды мінсіз орындау жолында 3 негізгі мәселені айқындауымыз керек секілді. Оның біріншісі – күн санап өркендеп келе жатқан экономикалық әлеуетті бұдан да тиімді етіп, алға оздыра беру, екінші – әлеуметтік мәселелерді тиянақты ойластыру, үшінші – бақуатты өмір сүруіміздің басты кепілі болып отырған еліміздің экологиясын «жасыл экономика» Тұжырымдамасы негізінде жетілдіріп, уақыт өте келе оны дәстүрлі салтқа айналдыру. «Жасыл экономиканы» қалыптастыруда көптеген экологиялық проблемалар алдан шығып отыр. Оның бастыларына тоқталар болсақ, әрбір азамат өзі күн кешіп отырған отбасынан бастап, Отан аумағын таза сақтап, ластанудан қорғау, ауа мен судың бүлінуіне жол бермеу, жердің тозуына, кейбір өзен-көлдердің шарасы тарылып бара жатқанын жұрт болып жұмылып, қалпына келтіру ісіне үлес қосу. Егер біз осы айтқандарды уақытында атқара алмасақ, ата-бабамыздан қалған басты байлығымызды тоздырып алуымыз мүмкін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақтың энергиясы» туралы көптен бері айтып, соны дүниежүзілік деңгейге көтеріп, EXPO-2017 Бүкіләлемдік көрмесін ұйымдастыруды Астана төріне әкелуі тегін болмаса керек. Атқарылатын жұмыстың арғы жағында ел тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін, денсаулығын жақсарту, тіпті, көңіл-күйін көтеру – бәрі өмір сүріп жатқан қоршаған ортаға тәуелді екені анық. «Жасыл экономика» бағытын таңдаудың негізінде осындай ғұмырлық істерді ілгерілетіп жатырмыз. Мұны жүзеге асыру кезінде азаматтар еңбек етумен қатар, ненің тиімді, ненің залалды екенін танып, білсе екен дейміз. Жалпы, «жасыл экономика» 3 принципке сүйенуі керек, оның біріншісі – халыққа жоғары деңгейде, халықаралық дәрежеде қызмет көрсету, әр жұмысты уақыт талабына сай үйлестіре дамыту, екіншісі – елдің өркендеуі үшін қолға алынған «жасылға» жұртты жұмылдырып, жұмыспен қамту саясатын орнықтыру, үшінші – осының бәрін нарық механизміне бейімдеп, толық меңгеріп шығу. Ауылдың көркеюі, өсіп-өнуі арқылы халықтың тұрмысын оңалтуға болады. Олардың айналысып отырған шаруасына сай экология талаптарынан мағлұмат беру біздің басты міндетіміз саналады. Әсіресе, пайдаға аспай жатқан жерлерді игілікке жарату, су көздерін зая жібермеу жағы да өзекті проблемалардың бірі болып есептеледі. Ал қала, ауыл, елді мекендердегі құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде экологиялық талаптарды сақтай отырып, көгалдандыру ісі биік дәрежеде болуын ойластыру керектігі түсінікті. Кейбір ескі ғимараттарды бұзып орнына жаңа тұрғын үй немесе мекеме мекенжайын тұрғызу барысында экологиялық талаптар бірінші кезекте ескеріліп, көгалдандыруға бөлінетін жер алдын ала жоспарлы түрде шешілсе, ұтылмасымыз анық. Өмірдің нәрі де, әрі де су екені мәлім. Тіпті, кейбір өзен-көлдердің ернеуінен төмендеп бара жатқаны қай-қайсымыздың да жанымызға батпай қоймайды. Бұл тұрғыдан келгенде, Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Соңғы 60 жылда Жер шарында ауызсуды пайдалану 8 есе өсіпті, осы жүзжылдықтың ортасына қарай, көптеген елдер суды сырттан алдыруға мәжбүр болады. Сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елімізде де өткір болып отыр. Бізге сапалы ауызсу жетіспейді. Бірқатар өңірлер оның зардабын қатты тартуда», деп қадап айтуы тегін болмаса керек. Осы жағынан келгенде біздің облысымыздың таулы аймақтарындағы таза суды сақтау, ластамау жайын жұртшылық әр сағат сайын есте ұстағаны ләзім. «Жасыл экономика» аясында энергия тапшылығынан құтылу үшін – жаңару энергиясын қалыптастыру керектігі туындауда. Мұны әр өңір жер жағдайына қарай жүзеге асыруына болады. Айталық, Испания, Дания мемлекеттері жел генераторлары барлық тұтынатын электр қуатының 20 пайызын, ал Германия 10 пайызын өндіруге қол жеткізіпті. Бұл істе соңғы жылдары көршіміз Қытай мемлекеті көш бастап келеді. Бүкіләлемдік жел энергиясы ассоциациясының (БЖЕА) мәліметіне сүйенсек, 2011 жылы әлемдегі барлық жел энергиясының жалпы қуаты 237 гигаватты құрапты. Бұл 280 ядролық реакторы қуатының көлеміне тең келетін көрінеді. Әлемде 380 ядролық реактор жұмыс істеп тұрғанын білеміз. БЖЕА болжамы 2020 жылға қарай жел генераторларының жалпы қуаты 4 есеге өсіп, 1 мың гигаватт электр өндіретін болады. Міне, осындай жұмыстар біздің облыста да қолға алынып, оның алғашқы нәтижелері өз жемісін бере бастады. Соның бір дәлелі, ТМД-да алғаш рет іске қосылған Райымбек ауданындағы Мойнақ су электр су стансасы дер едім. «Жасыл экономика» аясында бітіретін бір елеулі жұмыс ол – туризм мәселесі. Облысымыздағы көрікті, тұнық сулы, тұғырлы жерлерден туризмге жол ашсақ, сол маңда тұратын халыққа тиімді болары сөзсіз. Көптеген азаматтарымыз бизнес көздерін ашып, тұрмыстарын түзер еді. Қазір Алатаудың баурайына орналасқан тұмадай тұнып жатқан Көлсай мен Шарын шатқалында туризм қолға алынды. Сол секілді, бір заманда тасқынның кесірінен жойылып кеткен Есік көлін қалпына келтіріп жатсақ, қыруар қаржы қазынаға түсер еді. Тағы бір үлкен проблема көліктің көбеюінде болып тұр. Оның арасында талапқа жауап бермейтін ескілері де жетіп артылады. Солардан шығатын көміртек диоксиді (СО2) қоршаған ортаны ластап жатыр. Біздің облыста төрт шекаралық бекет бар. Олар – Қорғас, Қалжат, Қарқара және Достық. Осы бекеттерден бір тәулік ішінде 500-600 автокөлік өтеді. Ал олардың қоршаған ортаға тигізетін зиянын тексеретін бізде экологиялық бекет жоқ. Бізден көрші мемлекеттерге баратын көліктердің әр қадамы, яғни, жанар-жағармайдың, заттардың тазалығы қапысыз қадағаланып, талапқа сай болмаса, қарыс қадам бастырмайды. Алдағы уақытта сондай экологиялық бекеттер біздің елімізде де салынса, қатаң тексерулер болса, қоршаған ортамыздың тазалығына септігі тиер еді. Біз бұл мәселелерді бүгін Отанымызда аталып өтіп жатқан Қоршаған ортаны қорғау күніне қарай қозғап отырмыз. Шынында, байлықты тиімді пайдалану ісінде зор жауапкершілік – экология еншісіне тиеді. Сөзіміз жалаң болмас үшін, мына бір мысалды алға тартсақ дейміз. Ғалымдардың зерттеуінше энергетикалық жұмыстарды жүргізу кезінде атмосфераға жыл сайын 734 миллион зиянды заттар мен 26 миллиард тонна көмірсутек диоксиді шығарылады екен. Бұл табиғатты ластау өз алдына планетамыздың жылынып кетуіне әкеліп жатқан жайы бар. Алысқа бармай-ақ, Іле Алатауы мұздақтары 50 жылда 45 пайыз ерігені анықталған. Оның кейбір мысалын кезінде бұрқырап аққан бұлақтардың азаюынан көруге болады. Әлемдегі бірден-бір 22 тау өзені бар Алматы облысының экологиясын көздің қарашығындай сақтауды ел болып бүгін қолға алсақ, мұндай жұмыстар келер ұрпақтың денсаулығына зиян келтірмей, өмір сүру қабілеттілігін арттыра береді.