Оралда автокөлік жаяу жүргіншіні қағып кетті, деп хабарлайды
ҚазАқпарат.
Оқиға 17 шілде күні Зачаган кентіндегі Жәңгір хан көшесі бойында болды.
Куәгерлердің сөзіне қарағанда, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті аялдамасы маңында болған оқиға салдарынан студент жарақат алған. Оны жедел жәрдем көлігі алып кетті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманованың айтуынша, жедел жәрдем сағат 17.08-де жеткен. Зардап шеккен жаяу жүргінші облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автокөліктің велосипед мінген баланы қағып кеткенін жазған болатынбыз.