18.07.2019, 14:10

Теңге неге құнын жоғалтуда? (ВИДЕО)

Ресей рублінің теңгеге шаққандағы құны көтеріліп барады.

Ресей рублінің теңгеге шаққандағы құны көтеріліп барады. Бұл жағдайға тұрғындармен қатар сарапшылар да алаңдаушылық білдіріп, түрлі пікірлер айта бастады. Теңгенің құнсыздануына не себеп болғанын «Хабар24» ақпараттық порталы анықтады.

Соңғы күндері валюта нарығындағы сауда-саттықта бір рубль 6 теңге 20 тиынға дейін барды. Сарапшылардың айтуынша, Ресей валютасының нығаюы ел экономикасының кез-келген санкцияға төтеп бере алатынын дәлелдеді. Сондай-ақ мұндай жағдай көпке дейін сақталуы мүмкін деген пайым жасады. Әрине рубльдің қымбаттауы Қазақстан экономикасы үшін қолайлы болмайды, дейді қаржыгерлер 

«2019 жылдың екінші жартысында Ресейдің бір рублі 6-6 теңге 25 тиын шамасында сақталады. Тіпті одан да қымбаттауы ықтимал. Рубльдің нығаюы Қазақстандағы инфляциалық үдерістердің жаңа серпін беруі ғажап емес. Солтүстіктегі көрші елден импортталатын тауарлар, азық-түлік, металл мен әшекей бұйымдар қымбаттауы мүмкін», - деді экономист Арман Байғанов.

Қаржысын ұлттық валютада сақтаушылар көбейді 

2019 жылдың бес айында салымшылар банктерге 10,3 триллион теңге қаржы салды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4 процентке аз. Салынған қаржының 57 проценттейі ұлттық валютада сақталған. Жылдық өсім 6 процентке тең. Ал қалғаны шет елдердің валютасында салынды. Дегенмен олардың үлесі 11,8 процентке азайған. Ранкинг кейзет мәліметтеріне қарағанда Қазақстанның барлық өңірлерінде қаржысын ұлттық валютада сақтайтындардың үлесі артқан. 

Басылымдардың қызметі 18% кеміді 

Елімізде басылымдардың қызметіне сұраныс азайды. Есесіне оқулықтар мен анықтамалық кітапшалардың құны 8 процентке қымбаттады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, биыл бірінші және екінші сынып оқушыларын оқулықпен қамту үшін басылымдарға қосымша тапсырыс беріледі. Осы мақсатқа 30 миллиард теңге бөлінді. Оқулыққа сұраныс артақанымен биыл бірінші тоқсанда баспа қызметінің көлемі 8,1 миллиард теңгені құрап, 18 процентке кеміді. Тапсырыстың үштен екісі Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы баспа компаниялары орындады. Мәліметтерге қарағанда бүгінде баспа қызметтерінің басым бөлігін газеттер тұтынады. Оның сомасы үш жарым миллиард теңге. Ал журнал және тағы басқаларға 1,1 миллиард теңге. 591 миллион теңгеге бағдарламалық басылымдар шығарылған. Ал кітап шығаруға 309 миллион жұмсалды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 63 процентке аз. 

Автоөндірушілер 2,45 млрд теңге салық төледі 

Биылғы бірінші жартыжылдықта отандық автоөндірушілер ел қазынасына 2,45 миллиард теңге салық төледі. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғада 38 процентке аз. Мұндай деректі Қаз АВТО Пром одағы жариялады. Былтырғы алты айда машина құрастыру саласы салыққа 4 миллиардқа жуық түсім берген. Өсімге қосымша құн салығындағы жеңілдіктер әсер етті. Осы жеңілдіктердің арқасында кәсіпкерлер инвестицияны көптеп тартып, кәсібін өрге домалатқан. Мемлекет отандық автоөндірушілерді қолдауды биыл да жалғасытарыд  Тіпті саланы дамытудың 2024 жылға дейінгі жол картасы әзірленген. Соның негізінде бір жылғы өндіріс көлемі 100 миллиард теңгеге дейін жетуі тиіс. 

Қазақстанда жасалған көліктерге сұраныс артты 

Биылғы алты айда қазақстандықтар 31 мыңдай жаңа көлік сатып алды. Саудаланған темір тұлпардың 17 мыңдайы – отандық өнім. Бір ғана маусымда 6 мың жеңіл көлік сатылған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5 процентке көп. Тиісінше импортталған темір тұлпардың сатылымы 1,1 процентке кеміді. Сатылған жаңа көліктердің үштен бірі «Бипэк Авто» диллерлік орталығы арқылы саудаланған. Яғни 10 мың 333 көлік. Ал Астана Моторс 7 жарым мыңдай, Вираж 2 мыңдай көлік саудалаған. 

IT-корпорацияларға салық салынбақ 

IT-корпорациялар қосымша салық төлеуі тиіс. Үлкен жетіліктің экономикалық саммитінде Франция осындай талап қойды. Айта кетерлігі, Шантия қаласындағы G7 саммитіне әр елдің экономика министрлері мен ұлттық банк басшылары қатысып жатыр. Алқалы бас қосудың бұл жолғы мақсаты - жаңа экономикалық қатерлерді талқылау. Әсіресе соңғы кездері IT-компаниялар мен криптовалютаның зор ықпалы үлкен жетілік елдерінің экономистерін алаңдатып отыр. Сондықтан, Франция  IT-корпорацияларға салық салу бойынша ортақ шешімге келуді ұсынды. Осыдан біраз уақыт бұрын бұл елде цифрлы технологиялар саласында қызмет көрсететін алпауыттарға салық салу бойынша заң жобасы қабылданған. Биыл Франция 400 миллион еуро көлемінде салық түсімін жоспарлап отыр. IT-компаниялардың отаны саналатын АҚШ өз кезегінде мұндай ұсынысқа қарсы шықты. Тіпті Францияға есе жібермей, оған қарсы тариф енгізетінін жеткізді.

«Сіздер көптеген елден сырттай пайда көресіздер. Яғни ешбір елде өндірісіңіз болмауы мүмкін. Өзге елдегі азаматтарға қатысты мәліметтер қорын қолданып, бірақ тиісті салық төлемейді. Бұлай жалғаса беруіне жол бере алмаймыз. Әділетті және оңтайлы жүйені құру қажет. Атап айтқанда, цифрлы қызмет саласындағы компанияларға салық салуды ұсынып отырмыз», - деді Францияның экономика және қаржы министрі Брюно Лё Мэр. 

Қазақстан қор биржасындағы валюта бағамына тоқталайық. Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша АҚШ доллары 97 тиынға қымбаттап теңгеге шаққандағы құны 383 теңге 98 тиын болды. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 384-385 теңгеге сатып алуға болады.