Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Сайрам ауданына барған іссапарында жұмысшылармен бірге жүк көлігіне сабан тиесті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы әкім кеңесшісінің Facebook-парақшасына сілтеме жасап.
«Бұл егістіктен әр гектарына 25 центнер болатын 5 гектардан астық өнімі жиналды. Шілде соңына дейін Түркістан облысында астық жинау аяқталады», - деп жазды облыс әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов.
Сондай-ақ, Сәкен Қалқаманов егістік шаруасына білек сыбана көмектесіп жүрген облыс әкімі бала кезінен-ақ мұндай жұмысқа әбден үйренгенін айтты.
«Өмірзақ Шөкеев бұрынғы Шымкент облысы, Бәйдібек ауданындағы Шаян ауылында өсті. Ол бала кезінен ауылдың қара жұмысына үйренген», - деді Сәкен Қалқаманов.
Еске салайық, бұған дейін Шөкеевтің комбайнға отырып, астық ору науқанына қатысқанын жазған болатынбыз.