Бүгін таңертеңнен бері қазақстандықтарды шулатқан муралдың авторын фестиваль кураторы Мөлдір Бекжан елге арнайы шақыртқан. Ол, тіпті, келіссөздердің бір жылға жуық уақытқа созылғанын жасырмады. Бұл негізінен Тельма Миэльдің жұмыс графигінің тығыз болуымен байланысты екен. Осы орайда ол туындыны плагиат деп айыптап жатқандарға жауап берді. Бұл туралы Мөлдір Бекжан айтып берді, деп жазады Stan.kz.
«Жұрттың туындыны плагиат деп шулап жатқанын жаңа жарты сағат бұрын ғана білдім. Өйткені күні бойы шетелдік суретшінің жанында жүрдім. Кейін еліне шығарып салып, үйге келіп интернетте жазылғандарды көріп шок болдым. Мен, бар болғаны, қаланы әдемі етуге тырысқан едім. Осындай аз гонорарға әлемдік деңгейде танымал суретшіні шақыру маған оңайға соқпады. Оның үстіне беделі биік болғандықтан, әдеттегі гонорарлары да өте жоғары. Тельма Миэльге бұл жұмыстың әлеуметтік маңызы зор екенін түсіндіріп, қонақжайлылығымызбен, дәмді тағамдарымызбен тартып қалуға тырыстым», - деді Мөлдір Бекжан
Десе де, ол суретшіге төленген қаламақының қанша екенін айтудан бас тартты. Себебі, мұндай аз ақшаға келіскенін біліп қойса, өз мемлекеттегілер де оған өзі секілді өтінішті жиі айтуы мүмкін.
«Біріншіден, егер оның гонорарын айтатын болсам, шетелдіктер оның еңбегін төмен бағаға бағалауға үйреніп қалуы мүмкін. Екіншіден, арадағы келісімшартқа сәйкес, мұны айта алмаймын. Үшіншіден, бұлай келісу көп бола бермейтін жағдай. Бірақ, мысалмен түсіндіруге тырысайын. Ол басқа елде мұндайды 5 мың еуроға салып жүр делік, ал Қазақстанға ол мың еуроға салып берді. Бұл сандар шын деп ойлап қалмаңыздар. Тек мысал ретінде жеткізуге тырысып жатырмын», - деді Мөлдір Бекжан
Сондай-ақ, ол аталған туындыда 6 суреттің қолданылғанына тоқталды. Оның үшеуі Голландия, екеуі Қазақстан, біреу Қытай елінің өнерпаздарына тиесілі.
«Суретте көпшілік айтып жатқандай үш қол емес, төрт қол бар. Бұл нәрсемен біз жануарларды қорғау үшін екі қолдың жеткіліксіз екенін, баша адамзат болып жұмылуымыз керек екенін түсіндіргім келді. Мұнымен қатар, көпшілік оның тек инспектор Ерлан Нұрғалиевке арналғанын айтып жатыр. Әрине, бұлай болғаны бізді қуантады. Бірақ біз тек бір адамға емес, оны барша адамзатқа арнап отырмыз», - деді ол.
Әрі қарай Мөлдір Бекжан туынды салынып біткенше суретшінің ісіне араласпағанын жеткізді. Тіпті, суреттердің түпнұсқалары қайсысы деп сұрамаған екен. Арада түсінбестіктің суретші Оспан Әлиден рұқсат сұрамағанына байланысты болып жатқанын жасырмады. Бірақ бұл коммерциялық жоба емес екенін айтып ақталды.
«Мен суретші таңдаған 6 суреттің бірі Оспан Әлидікі екенін растаймын.
Біз ол кісіден рұқсат сұрамадық. Абдырап отырғаным рас. Жанымдағылардан «Біз бірнәрсе бүлдіріп қойдық па?» деп сұрап жатырмын. Десе де, мұның коммерциялық жоба емес екенін, одан ешкім ешқандай пайда көріп жатпағанын айтқым келеді. Тұрғындарымыз бұл сұлулықты бағалайды деп үміттенемін. Сондай-ақ, оны мемлекеттің қаржысына салдырмадық. Ақша менің жеке қалтамнан шықты», - деді Мөлдір Бекжан.