09.06.2019, 19:19

«БІР ҚОЗЫ ТУСА, БІР ТҮП ЖУСАН АРТЫҚ ӨСЕДІ» немесе бақытты бала күлкісінен іздеген ел

Фото: sabah.com.tr
«ҚР 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының» негізгі мақсаты – еліміздегі әр отбасының бақыты. Яғни, онда ана мен бала, ер мен әйел, отбасы іргесінің беріктігі жайлы толық қамтылған.

Бұрынғы ата-әжелеріміз кішкентай баласына риза болғанда «Өркенің өссін!», «Тұқымың жайылсын!» деп бата берген. Осының өзінен-ақ біз халқымыз үшін ең басты құндылық – ұрпақ екенін білуге болады. Жалпы, адамзат үшін артында із қалдыру өте маңызды мәселе. Сондықтан қай заманда да бала мәселесі бірінші орында тұрады.

Отауын тігіп, еншісін бөліп беру...

Елімізде көпбалалы отбасылардың мәселесі қашанда Үкімет пен Елбасының назарында. Отбасын енді құрғандар үшін «Жас отбасы», сондай-ақ аз пайызбен, ұзақ жылға баспана берілетін «7-20-25», «Нұрлы жер» секілді арнайы бағдарламалардың болуы осының айқын дәлелі. Себебі енді ғана отау құрғандар үшін тұратын жер ауадай қажет. Үй болса, онда екі жас ештеңге аландамай демографияға көңіл бөліп, ұрпақ тәрбиесіне алаңсыз кірісері сөзсіз. Жалпы, үйленген ұлына жаңа отау тігіп, еншісін беру – қазақтың салтында бұрыннан бар дүние. Яғни, осы жағынан алғанда, «Жас отбасы», «7-20-25» сынды бағдарламалар өте орынды және дер кезінде қолға алынған шаралар деуге болады.

Жалпы, балаға қамқорлық мұнымен шектелмейді. Дәл бүгін біздің елімізде осы салада қолға алынып жатқан шаралар өте көп. Соның бірі де бірегейі –ай сайын әр балаға 21 мың теңге көлемінде жәрдемақы төлеу. Бұған биылғы жылдың басында өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII сьезінде қабылданған партияның алдағы 10 жылға арналған бағдарламасы негіз болды. Онда еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасымыз ең бірінші болып осы көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы көлемін арттыруды тапсырды. Содан соң Елбасы: «Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын», – деді. 

Жалпы, елімізде бұрыннан бұл мәселелер қамтылған, нақты айтсақ, 2016 жылғы 6 желтоқсанда қабылданған ҚР Президентінің ҚР 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекіту жайлы №384 Жарлығы бар. Ол жерде ана мен баланы қорғау, отбасылық саясат, отбасының өмір сүру жағдайы мен сапасын арттыру, ҚР Еңбек заңнамасына сәйкес ата-аналардың икемді жұмыс түріне көшуі, бала күтімінде отырған әйелдің жағдайы, бала туғанға дейін және бала күтіміне қатысты төлемдер барлығы қамтылған.  

Десек те, Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII сьезінде қабылданған партияның алдағы 10 жылға арналған бағдарламасында көпбалалы аналарға ерекше мәртебе беріп, оларға барынша қамқорлық көрсетудің жолдары тереңірек қарастырылып, шұғыл қолға алынды. 2019 жылдың сәуір айынан құжат қабылдау басталды да, мамыр айында Қазақстан бойынша 84 287 отбасы алғашқылардың қатарында жәрдемақыға қол жеткізіп үлгерді. Ал бұл 9,4 миллиард теңгені құрады деп мәлімдеді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.   Соның нәтижесінде көпбалалы отбасылардың әр балаға 21 мың теңге жәрдемақы алуы, сондай-ақ тұрғын үй кезегіне тұру мәселесіне ерекше ден қойылды. Және осы бұл мәселелер де осы мамыр айында Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» және «Нұрлы жер» бағдарламалары аясында жүзеге асып, Қазақстан бойынша қаншама тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар су жаңа пәтерлердің кілтіне ие болды. 

«Бақытты отбасы» – бақыттың бастауы

Әсіресе, осы тұста Алматы қаласының экс-әкімі Бауыржан Байбектің бастамасымен қолға алынған «Бақытты отбасы» бағдарламасы жайлы ерекше айта кетуге болады. Себебі аталған бағдарламада бұған дейін басқа еш жерде болмаған жағдай, үйдің бастапқы жарнасы ретінде 1 миллион теңгені қала әкімшілігі мұқтаж отбасыларға өз есептерінен төлеп беретін жүйе құрды. Көп ұзамай, 100-ге жуық отбасы баспанаға қол жеткізді. Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы мамандары егер аталған бағдарлама болмағанда бұл отбасылар ең кемі 1-2 жыл үй кезегінде тұратынын жасырмай айтып салды. Жалпы, аз қамтылған көп балалы отбасыларды қолдауға арналған бағдарлама тек тұрғын үй мәселесі ғана емес, 7 бағыт бойынша 13 нақты шарадан тұрады. Оның ішінде жеңілдетілген ипотека, қайта оқыту және жұмысқа орналастыру, шәкіртақылар мен тегін балабақшалар, сонымен қатар жергілікті бюджеттен бір жолғы төлемдер көлемін арттыру бәрі бар. Тіпті, бағдарлама аясында Алматының әр ауданынан көп балалы аналарға арналған «Бақытты отбасы» қалалық орталығы құрылады. Онда бір терезе қағидаты бойынша құқықтық және психологиялық кеңес беріліп, оңалту көмегі көрсетіледі. Мұнда көп балалы аналардың өздері жұмысқа орналаса алады. Аналарға ыңғайлы болу үшін орталықта шағын балабақша ұйымдастырылады. Сондай-ақ жұмыс таба алмай жүрген, мамандығы және тәжірибесі жоқтарға Жұмыспен қамту орталығы көмектеседі. Өткен жылы 32 мың адам жұмысқа орналастырылды. Әр адамға 63 мың теңге көлемінде жалақы төлеу үшін жұмыс берушілерге жергілікті бюджеттен субсидия бөлінеді. Өткен жылы әлеуметтік жұмыстарға 4200 адам, жастар тәжірибесіне 1300 адам жіберілді.Биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында қаржы көлемі 30%-ке, 2 300 адамға өседі, оның ішінде 1200-і көп балалы отбасылардан шыққан жоғары оқу орындары мен колледждердің түлегі. Сонымен қатар, әйелдер кәсіпкерлігіне белсенді қолдау көрсетіледі.

Президенттің рақымшылығы

Еліміздің көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға көңіл бөлуі мұнымен шектелмейді, бұған күні кеше ғана шыққан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Өмірлік қиын жағдайда қалған жандардың қарызын кешіру» жайлы қаулысын тағы қосамыз. Президентіміз онда да ең бірінші көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылған және мүгедек бала бағып отырған отбасыларды бірінші кезекке қойды. Міне, осындай отбасылардың көлемі 3 миллион теңгеден аспайтын несиесінің 300 мың теңгесін мемлекет өтеп беретінін мемлекет басшысы өз аузымен халыққа жария етті. Және бұл бастама да көп ұзамай, іске асады. 

«ҚР 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының» негізгі мақсаты – еліміздегі әр отбасының бақыты. Яғни, онда ана мен бала, ер мен әйел, отбасы іргесінің беріктігі жайлы толық қамтылған. Жалпы, өмірдің басты тірегі де осылар ғой. Отбасы – мемлекеттің шағын моделі. Ендеше, әр отбасы бақытты болса, мемлекет іргесі берік деген сөз.

Мәриям ӘБСАТТАР