Қазақстандықтарға кешелі бері жаппай жіберіліп жатқан СМС-тер жұрттың түсінбеушілігін тудырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпараттық порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Хабарламада жеке мәліметтеріңіздің қауіпсіздігі үшін сертификат орнатыңыз делінген. Соның сілтемесін де жіберіпті. Азаматтар «алаяқтардың әрекеті» дегені Цифрлық даму министрінің бұйрығы боп шықты. Осы арқылы олар халықты хакерлерден қорғаймыз деген.
Алайда, бұл қорғау емес, керісінше әрбір басқан ізді қадағалау деген сарапшылар біздің көзімізше министрліктің жіберген смс-ін өшіріп тастады.
Сертификат орнат деген смстер кешеден бері қарша борай бастады. Заңды алға тартқандар оны телефон, планшет болсын барлық құрылғыға қосуға тиіссіңдер, кері жағдайда, ғаламторға кіру қиындайды деген. Сыпайылығынан гөрі, сесі басым хабарлама бірден жұрттың ашуын тудырды. Алайда осы әрекетін жуып-шаймақ болған министрлік басшылары әр адамның өз қалауы деп басқаша сөйлеп шықты.
«Әркімнің өз қалауы! Қосып көрейік! Маған ондай смс әлі келген жоқ. Бірақ, келе қалса, өзіме де, балаларыма да қосып беремін», - деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов.
Ал сертификат хакерлік шабуылдардан сақтану үшін қажет екен. Яғни сіздің жеке мәліметтеріңізді қорғайды. Министрліктің осылай деген мәліметін смс таратып жатқан байланыс операторлары да сөзбе- сөз қайталады. Бірақ солай дей тұра, халықтың бар құпиясын біліп алатын сол сертификаттың қолды болмайтынына кепілдік бере алмады.
«Бұл біздің бастама емес. Сол себепті, ешқандай кепілдік бере алмаймыз. Мемлекеттік органдар бар, біз тек бұйрықты орындаушымыз. Бізге жіберіңдер деді. Біз жібердік», - деді ұялы байланыс операторының өкілі Алексей Бендзь.
Қарсы жұрттың көбі осы арқылы құзырлы мекемелер адамдарды бақылауды күшейткісі келеді деп күдіктенеді. Сарапшылар онымен келісіп отыр. Бірақ қауіп тыңшыларда емес, басқада деп отыр.
«Біздің әңгімеміз онсыз да тыңдалып жатыр. Кімге не жазғаныңызды арнайы органдар онсыз да біліп отыр. Қорқыныштысы бұл емес. Біз теріспиғылды хакерлерден қауіптенуіміз керек. Өйткені олар оны иеленген жағдайда, сіздің банк картаңыздан бастап, барлық парольдеріңіз солардың қолында қалады», - деді Қазақстан ғаламтор қауымдастығының президенті Шавкат Сабыров.
Мамандардың сөзінше, сертификат орнатқызып, құзырлы органдар әрбір адам туралы мәліметке қол жеткізеді. Бірақ бұған халық рұқсат бермеген. Жұртпен ақылдаспай іске асқан шараға сарапшылар күйініп отыр.