24.11.2015, 11:59

Діннің орны қашанда жоғары

egemen.kz

Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің ұйым­дастыруымен «Зайырлы мем­лекет және жоғары руханият – болашағы біртұтас ұлт тұғыр­на­масы» тақырыбында Қазақстан дінтанушыларының V форумы өтті.

Форумның мақсаты – мем­лекеттік-кон­фессиялық қаты­нас­тарды жетілдіру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және еліміздегі дінтанулық білім беру сапасын жетілдіру мәселелері бойынша дін саласындағы мемлекеттік органдар мен діни қауымдастық арасындағы үнқатысуды одан әрі дамыту болып табылады.

Форум өз жұмысын мына­дай тақы­рып­тық үш бағыт: «Дін саласындағы мем­лекеттік саясат­тың өзекті мәселелері: пробле­малары мен перспективалары»; «Қазіргі Қазақстан қоғамын­дағы рухани дәстүрлердің сабақ­тастығы»; «Білім беру ұйым­дарында дінтануды оқытудың ерекшеліктері: проблемалары мен шешу жолдары» атты секциялық отырыстарға құрды.

Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов фо­румдағы құттықтау сөзінде елі­міздің дін саласындағы ғылыми сарапшылар қауымдастығының басын біріктіріп отырған дін­та­нушылар форумы еліміздің зияткерлік және рухани әлеуетін бірік­тіретін және діни саладағы проб­лемалық мәселелердің шешімін табу тетіктері пысықталатын толыққанды әрі пәрменді үнқатысу алаңына айнал­ғандығын айта келе: «Сіздер – отандық ғылыми-сарапшылар қауымдастығы, мемлекеттік органдар, діни бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері бүгін «Зайырлы мемлекет және жоғары руханият – болашағы біртұтас ұлт тұғырнамасы» та­қы­рыбында өткізіліп отырған дінта­нушылардың мерейтойлық фору­мына жиналып отырсыздар.

Елбасымыздың ел дамуы­ның зайырлы қағидаттарын ілгерілету және дәстүрлі рухани құндылықтарды кеңінен танымал ету жөніндегі идеяларын ой елегінен өткізу біздің бүгінгі іс-шарамыздың арқауы болуы тиіс. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында мемлекеттің зайырлы сипатын біздің еліміздің табысты дамуының маңызды шарты ретінде анықтаған болатын. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясында да зайырлы қоғам мен жоғары руханият басты құндылықтардың бірі ретінде белгіленген», – деді.

Келесі кезекте ол біздің күш-жігеріміз Мемлекет бас­шысының жоғарыда айтылған нұс­қауларын іске асыру шең­берінде зайырлылық пен руханият синтезі, қоғамдық сананы қалыптастырудың жаңа жолдарын іздестіру мәселелерін қарастыруға бағытталуы тиіс екенін атап көрсетті. Дінтанушылар форумы осы жылдар аралығында еліміздің зияткерлік және рухани әлеуетін біріктіретін, дін саласындағы проблемалық мәсе­лелердің шешімін табу тетік­тері пысықталатын пәрменді үнқа­тысу алаңына айналып үлгер­генін көлденең тартты. Содан соң осыған дейін өткен форум­дар жұмыстарының негізгі қоры­тын­дыларына тоқталды:

«Біріншіден, форумға қа­ты­су­шылардың бастамасы бойынша оның құрамына еліміздің жетекші ғалымдары, дінтанушылары мен теологтары енген Қазақстан дін­танушыларының конгресі құ­рылды. Екіншіден, форум шең­берінде діни экстремизм мен терроризмнің таралуының алдын алуға және оған қарсы іс-қимылға бағытталған ұсыныстар әзірленіп, кейіннен олар Қа­зақ­стан Республикасында діни экс­тремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мем­ле­кеттік бағдарламада көрініс тапты. Үшін­шіден, форумға қаты­су­шылар­дың ұсынымдары бойынша азаматтардың діни және құқық­тық сауаттылығын арттыру мақса­тында өңірлерде ақпараттық-түсін­діру жұмыстары күшейтілді. Атап айтқанда, бүгінгі күнде елі­міз­д­ің барлық өңірлерінде 415 ақпа­раттық-түсіндіру топтары қызмет атқарып отыр. Олардың қ­ұ­ра­мына дінтанушылар, теологтар, жер­гілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдарының, үкі­мет­тік емес ұйымдар мен бұқа­ра­лық ақпарат құралдарының қыз­­­­мет­керлері енгізілген», – де­ді шешен.

Сонымен қатар, ақпараттық-ағартушылық «E-Islam» интернет-порталының және «Қауырт желі-114» жобасының жұмысы таныс­тырылған болатын.

Төртінші форум толықтай алғанда жалпы білім беру ме­кеме­лерінде «Дінтану негіз­дері» факуль­тативтік курсын оқыту мәсе­лелерін талқылауға арналды.

Форумның бүгінгі күнге дей­ін­гі атқарған жұмыстарына қыс­қа­ша шолу жасаған вице-министр:

– Бірлесіп жұмыс атқарып келе жатқан кезең ішінде біз ғы­лыми және сарапшылар қау­ым­­дастығы мен мемлекеттік орган­дар өкілдерінің дін сала­сын­дағы мемлекеттік саясатты пәр­менді іске асыру жөнін­дегі сындарлы сұхбаты мен ынты­мақтастығына қол жеткізе алдық. Бұл, өз кезегінде, еліміз­дегі конфессияаралық келі­сім­ді нығайта түсуге және мемле­­кеті­міздің тұ­рақты дамуына сеп­тігін тигізді. Мен бүгінгі өткізіліп отырған бесінші форум біздің елі­міздің бұдан кейін де табысты дамуы үшін қажетті жаңа идеяларды ұсынуға өзінің лайықты үлесін қосатындығына сенімдімін, – деп форум жұмысына сәттілік тіледі.

Ол, сондай-ақ, бүгінгі іс-шара ең алдымен Елбасы Н.Назарбаев­тың еліміздің дамуындағы зайырлы қағидаттарды ілгері­летуге бағытталған идеяларын ой елегінен өткізуге және қо­ғам өмірінде дәстүрлі рухани құнды­лықтарды кеңінен наси­хат­тауға бағытталады деп тұжырымдады.

Аталған шараны «Қазақстан дінтанушыларының конгресі» ҚБ төрағасы, философия ғы­лым­дарының докторы, профессор Айдар Әбуов жүргізіп отырды. «Қазақстан – түрлі дін мен ұлт өкілдерінің бірлік пен келісімде бірге өмір сүре алатынының жарқын мысалы. Қазақстандағы дінаралық қарым-қатынастың платформасы – «Мәңгілік Ел» жалпыға ортақ міндет жолында табысты және құрылымдық ынтымақтастыққа негізделген», – деді А. Әбуов.

Оның айтуынша, өткен ІV форум беделді ғалымдар, дін­танушылар, сарапшылар, діни проблема саласындағы идеологтар мен мемлекеттік биліктің өкілдері үшін тиімді және ашық алаңға айналғанын көрсетті. «Мемлекеттік саясаттың дін саласындағы стратегиялық мақ­саты баяғыша бір – ақсүйектік мемлекет пен діни бірлестіктердің мүддесі арасында тепе-теңдік орнату. Ақсүйектік мемлекет, ақсүйектік қоғам негізін қалаушы құндылықтар Қазақстан Пре­зи­денті Н.Назарбаевтың халыққа Жол­дауында көрініс тапқан. Мемле­кеттің ақсүйектік мінезі – Қа­зақ­станның табысты иннова­циялық және бәсекеге қабілеттілік дамуы­ның маңызды шарты», – деді ол.

Форум аясында Парламент депутаты Камал Бұрханов құттықтау айтса, депутат Бақытбек Смағұл «Болашағы біртұтас ұлт және дін» тақырыбында баяндама жасады. Қара сөзден алдына қамшы салдырмайтын, батыр, патриот, балуан тұлғалы азаматтың діни ағымдар мен діни экстремизмге қарсы және де 18 конфессияның басын біріктірген ортақ қара­шаңырағымызды қорғау, жастарды түрлі теріс қылық пен жат ағымдардан сақтау сынды ащы да болса ашық айтқан сөздері форумға қатысушы қонақтарды бейжай қалдырмады.

Содан соң МСМ Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин «Зайырлы мемлекет және жоғары руханият – болашағы біртұтас ұлт тұғырнамасы», Алматы қаласы «Білім» білім беру – мәдениет орталығының директоры Руслан Иржанов «Ис­ла­мофобия және исламдық ради­кализм: қауіп-қатер немесе шы­найылық?», МСМ Дін істері комитеті Мәдениеттер мен дін­дердің халықаралық орталығының директоры Ертас Мұратбеков «Зайырлы мемлекет және оның рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері», МСМ Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызы «Қазіргі діни ахуал жағдайындағы дәстүрлі рухани құндылықтар мен ішкі тұрақтылық мәселелері» деген тақырыптарда және де басқа да қатысушылар дін саласындағы өзекті мәселелер турасында баяндап берді.

Ал түскі үзілістен кейін форум өз жұмысын одан әрі жалғады. Бұл жолы Қостанай облысы Дін істері басқармасының басшысы Нұриқан Нөгербеков «Діни экстремизмнің алдын алуда мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өзара әрекеттестігі», Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохаев «Мемлекеттік мүдде және діни құндылықтар сабақ­тас­тығы», сол сияқты Ақмола, Батыс Қазақ­­стан, Жамбыл, Қызылорда, Қара­ғанды, Сол­түстік Қазақстан мен Оңтүстік Қазақ­стан облыстарынан арнайы дін өкілдері қатысып, өз ойларымен бөлісті. Бүгінгі таңдағы діни ахуалдың жай-күйін егжей-тегжейлі жарыса жет­кізген баяндамашылар дін тақы­рыбында келелі кеңес құрып, тұщым­ды ой-пікірлерін ортаға салды.

Сонымен қоса, форумға мем­лекеттік органдардың өкілдері, дінтанушы ғалымдар, теологтар, жалпы білім беру мекемелерінің «Дін­тану негіздері» факультативті кур­сының мұғалімдері, «Дінтану» маман­дығының студенттері мен ма­гистранттары, діни бірлес­тік­тердің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.