27 шілде күні «Астана» концерт залы аумағында иесіз қалған иттер мен мысықтардың «Возьми меня домой» атты көрме-жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды Елорда Инфо.
Нұр-Сұлтан қаласы Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы, «Астана ветсервис» коммуналдық мекемесі және жануарлардың құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымдардың ұйымдастыруымен өтетін шара мақсаты – иесіз үй жанаурларына азаматтардың назарын аудартып, ит-мысықтарға сенімді қожайын табу.
Көрме-жәрмеңкеге келушілер өздеріне ұнаған сүйкімді мысықтар мен ақылды иттерді үйлеріне алып кетулеріне болады. Сондай-ақ шарада қараусыз қалған жануарларға арналған уақытша баспанада иесін күтіп отырған өзге де төртаяқтылардың суреттері қойылады. Шара қатысушылары сүреттегі үй жануарларын Ақсүмбе орамы, 1-үйде орналасқан уақытша баспанадан алып кете алады.
Айта кетсек, қаңғыбас және қараусыз қалған жануарларға арналған уақытша баспана 2017 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бұл – қаладағы жануарларға арналған ең үлкен уақытша баспана. Мұнда 700-ге жуық ит, 60-тан аса мысық бар. Аталған жануарлардың барлығы карантин, вакцинациялаудан өтіп, мал дәрігері маманының бақылауында.
Ұйымдастырушылар шараға жануарларға мейіріммен қарайтын барлық азаматты шақырады.