$ 494.87  520.65  4.91

Алматы перзентханасындағы ана өліміне дәрігерлер кінәлі болуы мүмкін (ВИДЕО)

Алматыдағы №1 перинаталдық орталықта көз жұмған Гүлчиман Якупованың мерзімсіз қазасына туыстары ақ халаттылардың біліксіздігі себеп екеніне сенімді.

Алматыдағы №1 перинаталдық орталықта көз жұмған Гүлчиман Якупованың мерзімсіз қазасына туыстары ақ халаттылардың біліксіздігі себеп екеніне сенімді. Кесір тілігінен кейін келіншектің жағдайы күрт нашарлаған. Алайда, дәрігерлер оның шағымын пысқырмай, жағдай әбден ушыққанда қималды дейді қайғыдан қан жұтқан туыстары.

Қазір аталмыш оқиғаға байланысты сараптама тағайындалып, қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Sn.kz ақпараттық порталы КТК арнасына сілтеме жасап.

«Өз аяғымен шығып кетті ғой, қызым-ай. Өлігін алып келдік қой. Не деген масқара бұл?!», - деп жылады туыстары. 

Қайғыдан қабырғасы қарс айрылған Якуповтар әулеті перзентханаға өз аяғымен кірген қыздарының табытпен оралғанына әлі күнге дейін сене алар емес. Бұрын-соңды денсаулығында кінәрат болмаған 29 жастағы келіншекті ақ халаттылар бір апта бұрын кесір тілігі арқылы босандырып алған. Шақалақ дін-аман. Алайда, ананың жағдайы операциядан кейін күрт нашарлапты. Соған қарамастан Гүлчиманның арыз-шағымын дәрігерлер елемеген былай тұрсын, өзіне дүрсе қоя берген дейді жақындары. 

«Апа, мыналар сондай дөрекі» деп өзі айтты ғой маған. Айғайлап кетті деп. «Қалтасына ақша салмадың ба олардың? Салмаған соң сөйткен шығар» дедім. Енді ана балаларына не деймін? «Мамам қайда?» десе, мен не деп айтамын? Беттеріне қалай қараймын?!», - деді енесі.

Гүлчиман Якупова екі күн бұрын інісінің үйлену тойында еш алаңсыз билеп, шат-шадыман көңіл-күйде жүрген. Ай күні толса да марқұмның жүрісі ширақ. Қуанышты. Сондықтан ет жақындары артында үш баласы қалған ананың өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп дейді.

№1 перинаталдық орталықтың төрт қызметкері әзірге қызметінен шеттетілген. Олардың кінәсі толық дәлелденсе, басшысымен қоса бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Қазір қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің қызметкерлері де тексеріс жүргізіп жатыр. Біз қылмыстық істі қарау кезінде міндетті түрде олардың қорытындысын есепке алатын боламыз. Егер дәрігерлердің кінәсі анықталып жатса, олар ҚК 317-бабы (Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсiптік мiндеттерiн дұрыс орындамауы) бойынша жауапкершілікке тартылады», - деп мәлімет берді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары