$ 494.87  520.65  4.91

Таразда автокөліктер көрмесі өтті

Шаһар орталығындағы «Жастар» аллеясында өткен ерекше көрмеге халық өте көп жиналды. Шараны «Джип клуб Тараз» тобы және облыс әкімдігі бірлесе ұйымдастырған.

Таразда тұңғыш рет автокөліктер көрмесі өтті. Онда қойылған көне темір тұлпарлардан бастап соңғы үлгідегі өте қымбат көліктердің коллекциясы көпшілікті тәнті етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шаһар орталығындағы «Жастар» аллеясында өткен ерекше көрмеге халық өте көп жиналды. Шараны «Джип клуб Тараз» тобы және облыс әкімдігі бірлесе ұйымдастырған.

Ұйымдастырушылар көрмеге қаладағы ең әдемі деген 50-ге жуық автокөлік және 10 шақты мотоцикл арнайы таңдалып алынғанын айтады. Маркасы жағынан бірінен бірі оза шапқан темір тұлпарлар көздің жауын алып, көрушілерді қызықтыра түсті. Көрмеге келушілер өздеріне ұнаған көліктің жанында фотоға түсіп, қызықтап жатты. Тіпті атышулы «Бригада» сериалындағы көліктер де бұл көрмеден табылды. Ұйымдастырушылар қала берді сонау соғыстан бері сары майша сақталған автокөліктерді де мұнда әкелген.

«Фестивальге 50-ге жуық темір тұлпар қатысты. Арасында әйгілі «Бригада» сериалында бой көрсеткен Газ 21 Волга, Lincoln Town Car автокөліктері де бар. Сондай-ақ, қалың жұртшылық назарына екінші дүниежүзілік соғыстың көзін көрген көліктер де таныстырылды. Соның бірі Ford GPW автокөлігін иесі көрмеге эвакуатормен әкелді. Күн көзіне шағылысқан Мерседес пен автоәуесқойлардың қызығушылығын тудырған БМВ-ні де дәл осы жерден таптық»,- дейді «ДЖИП КЛУБ ТАРАЗ» тобының мүшесі Евгений Дуюнов.

Көрмеге қойылған көліктердің ішіндегі ең көнесі — «ГАЗ – 67» автомашинасы. Бұл темір тұлпардың иесі – Әбдужәлил Құрбанов. Ұзын саны 20 автокөлік құрастырған ол мұнда оның алтауын әкелген.

«Жастар» жылы мен Жамбыл облысының 80 жылдығына орайластырып өткізілген автокөліктер көрмесін енді жыл сайын өткізу жоспарланып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары