Қазақстандықтар қасиетті сапар – қажылыққа бару үшін Сауд Арабиясына ұшуға дайындалып жатыр. Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қажылардың алғашқы легінің аттануына орай Алматы әуежайында өтетін рәсімге қатысадығ деп хабарлады Sputniknews.kz ақпараттық порталы.
Ұлы сауапқа толы ұлық сапарға биылғы жылы еліміз бойынша 3 200 жан (былтырмен салыстырғанда 200 адамға көп) квота бойынша аттанғалы отыр. 5 тамызға дейін барлық қажы діттеген мекендеріне жетуі тиіс, ал 23 тамызға дейін отандастарымыз туған топыраққа табан тірейді. 11-13 тамызда қасиетті Құрбан айт мерекесі тойланады.
«Қажылық кезінде жерлестерімізге отандық SCAT әуе компаниясы мен Сауд Арабиясының Fly Nas әуе компаниясы қызмет көрсетеді. Рейстер биыл Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау қаласынан аттанбақ», - деп хабарлады Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы.
Қажылардың қауіпсіздігі және денсаулығын жіті назарда ұстайтын қажылық миссиясының негізгі құрамында 12 кісі бар. Оған басшылық құрам, уағызшы-имамдар, пәтуашы-ғалымдар, журналистер мен дәрігерлер кіреді.
Биыл қазақстандықтарды тасымалдаумен 18 туристік фирма айналысады. Олар өздеріне бөлінген квота санына қарай «Эконом», «Стандарт» және «Люкс» қызмет көрсету пакеттерін ұсынады.Турлардың бағасы үш-бес мың доллар шамасында.