04.12.2015, 11:27

Ислам Каримов қыздардың ерте тұрмысқа шығуына қатаң тыйым салды

Өзбекстан президенті Ислам Каримов қыздарды тек 20 жасқа толғаннан кейін ғана күйеуге беру керектігін айтты деп жазады жергілікті "Азаттық" радиосының порталы.

Қараша айының соңында Наманган облысына жасаған сапары кезінде ел президенті жергілікті атқару органдарына, атап айтқанда, прокурорларға жеткіншек қыздардың тұрмыс құруын болдырмауды өз бақылауларына алуын тапсырған болатын.

"Аудандық прокурорлар бұл мәселеге назар аударуы тиіс. Бұл сіздердің заңдарыңызда көрсетілген. Егер тұрғындар түсінбесе, өз қыздарын ерте тұрмысқа бергісі келсе біз алдымен оларға түсіндіруіміз қажет. Мен жауапкершілікті өз мойныма аламын" деді Каримов Наманган облысына жасаған сапары кезінде.

Ал жергілікті атқару органдары президенттің осынау тапсырмасын міндетті түрде орындайтындығын айтты.

Каримовтың осы бұйрығынан кейін елдің барлық аудан-ауылдарында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр деп хабарлайды Азаттық тілшілері.