Оңтүстік Қазақстан облысында Монғолия елінен келген профессор Чинбурэн Джигжидсурэн мен жергілікті дәрігерлердің қатысуымен бауырдың қатерлі ісігіне шалдыққан науқасқа кезекті ота жасалды. Қаншама адамға өмір сыйлап, бақытқа кенелтіп жүрген дәрігерлер екі күн қатарынан үш күрделі операция жасап шығып, өңірдегі әріптестеріне шеберлік сағатын өткізіп отыр. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.
Шетел дәрігері оңтүстікқазақстандық онкологтардың біліктілігін жоғары бағалап, бүкіл жұртшылықты бір қуантты. Ол жалпы бауырға жасалған бес отаның барлығы қан жоғалтусыз сәтті аяқталғанын жасырмай, мұндағы дәрігерлердің қызмет көрсету сапасы және халықаралық стандарттарға сай жоғары деңгейде жүргізілгендігін атап өтті.
Айта кететін бір жайт, Ч.Джигжидсурэннің қатысуымен осы уақытқа дейін 30- дан астам ота жасалып, ұйқы безі мен бауыр ісігіне шалдыққан ауруларға жүз жиырмадан астам кеңес берілді. Жалпы алғанда жыл басынан бері облыста 100 -ден аса бауыр қатерлі ісігіне және 70 -ке жуық ұйқы безінің қатерлі ісігіне операциялар сәтті жасалып шықты. Қазіргі таңда облыс әкімдігінің қолдауымен обырға шалдыққан науқастардың сауығуы үшін қоғамдық ауруханаларда барлық жағдай жасалған. Еліміздің Ата Заңында ең құнды адам өмірі екендігі айтылған. Сол себепті де мемлекет өз азаматтары үшін, олардың денсаулығы үшін әлемнің ең озық деген технологиясын өзімізге алдыруға, өз мамандарымыздың біліктілігін арттыруға күш салып келеді.