Қазір кенеттен байып шыға келуді көксемейтіндер кемде-кем. Оған кейінгі оншақты жыл шамасында елімізде қаптап кеткен бизнес-тренингтерге жүздеп, мыңдап қатысушылар дәлел. Ал айлығы шайлығына жетпейтіндердің енді бір бөлігі амалсыз онлайын-қарыз беретін ұйымдарға арқа сүйейтін болды. Рас, аталған екеуіне де жұрт жетіскеннен жүгініп жүрген жоқ. Олардың сұранысқа тым ие болып кетуі халық тұрмысының төмендігін айғақтайды. «Заманына қарай – адамы, адамына қарай – амалы» дегендей, пысықайлардың осылайша тренингшіл һәм үстеме ақымен қарыз бергіш болып алғаны – өзгенің жоқшылығынан өзінің тоқшылығын жасау. Дұрысы, біреудің ақымақтығын пайдалану.
Білетінімізді айтсақ, қызметте жүріп қарық қылмаған көзтаныстардың біразы бүгінде бизнес-тренинг өткізіп жан бағатын болып алған. Олардың үзіп-жұлып оқыған әлемдік бизнеске қатысты екі-үш кітабының жалпылама ақыл-кеңесі өзіміздің өндірісті өрге сүйреп кете алмайтыны анық. Етікшіге де, егіншіге де түк пайдасы жоқ. Сөйте тұра, жалақымыздан жырымдаған ақшаны төлеп, сол жаттанды сөзді естуге жазыламыз. Маужырап отырып тренинг тыңдап, салбырап жүріп үйге қайтамыз. Бітті. Тіпті, төлеген ақшаңның еш нәтижесін көрмесең де, осы жүрісің әдеттегі тірлікке айналып кетеді. Ақымақтық емей, немене?!. Онлайн-қарызың тағы сол. Олардың көшедегі «Айлықтан айлыққа дейін», «Заём даём», «Ақша бар» дегендей қаптаған жарнамаларынан көз сүрінеді. Бәрінде бір-ақ ұстаным – «мә, бес сом, әкел он сом!». Оның өзіне дос-жаран, жақын-жегжат, үрім-бұтағыңды түгендеген анкета толтырып барып қол жеткізесің. Шежіреңді сұрамағанына шүкір етіп, әупіріммен әзер алған қарызың мерзімінде қайтпай қалса, онысын жекеменшік сот орындаушылар арқылы есеңгіретіп отырып, еселеп өндіріп алады. Солай бірінен екіншісіне, одан үшіншісіне жем болып жүре бересің. Себебі, жұмысың – көп, айлығың – аз. Онлайн-қарыз алудан басқаға мойын бұрар мұрша жоқ.
Еске сала кетсек, былтыр Сенаттың жалпы отырысында депутат Сергей Ершов еліміздегі азаматтардың онлайн түрде пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары кредиттерді алып жатқанын, ал бұл ақшаларды беретін компаниялардың жұмысы заңмен реттелмегенін айтып, Бас прокуратурадан аталған мәселеге назар аударуды сұраған еді.
«Қарыз беретін онлайн компаниялардың қызметі заңмен реттелмеген және олардың жұмысы мемлекеттік құзырлы органдардың бақылауынан тыс қалып отыр. Сонымен қатар, аталған онлайн компаниялар азаматтардың кредиттік карталарындағы мәліметтерді, картадағы қорғаушы кодтарды әрі азаматтардың кредиттік тарихы туралы ақпаратты жинайды», – деді сонда ол. Айтуынша, ол компаниялар азаматтардың жазбаша келісімінсіз және азаматтар туралы ақпарат жинауға рұқсат беретін құжаттарсыз заңсыз әрекет етіп отыр. Осылайша, «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» заңның 1-бабындағы 25-тармақты бұзуда. Бұл – заңдық тұрғыдағы әңгіме. Енді шариғатқа жүгінсек, қарыз алу мен берудің рұқсат етілген амал екені анық. Алла тағала Құран Кәрімде өсімсіз және үстемесіз қарызға ақша беруге «көркем қарыз» деген мағынаға келетін алты аят келтірген. Ол бойынша, қарызды әуелі біреудің ауырын жеңілдету, Алланың ризалығын табу мақсатында беру керек. Ал берген қарызынан пайда табу, яғни пайызға қарыз беру – өсімқорлық. «Ол дегенің сауапты іс емес, керісінше, күнәға душар етеді» деседі дін ғұламалары. Мысалы, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер, үсті-үстіне өсім жемеңдер! Алладан қорқыңдар, бәлкім құтыларсыңдар» (Әли Имран, 130), – деген. Жәбір (р.а.) жеткізген риуаятта да Алланың елшісі (с.а.с.) өсімді жеушіге де, өкіліне де, жазып алушыға да және куәгерлеріне де лағынет (қарғыс) айтып: «Олардың бәрі – бір топ» депті. Ал сіз сол күнәһарлар тобында барсыз ба?..
Еркеғали БЕЙСЕНОВ