$ 447.4  477.55  4.76

«Тоқаев мырза, дат! Арыста халыққа берген уәдеңіз орындалмай жатыр!»: халық өкілі президенттен көмек сұрауда

Мердігер компания да қол ұшын беруге асығар емес. Тіпті, «қайда барсаң, онда бар» деп үй иесіне сес көрсеткен.

Журналист Кенжегүл Тергембаева фейсбук парақшасында президентке дат айтып, Арыс халқының жанайқайын жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпараттық порталы.

«Тоқаев мырза, дат! Арыста халыққа берген уәдеңіз орындалмай жатыр! Блогерлер мен тәуелсіз журналистерге жанайқайын айтып, көмек сұрап жатқан Арыс қаласы тұрғынының өкпе-назын жеткіземін және СІЗДЕН ТИІСТІ ШАРА ҚОЛДАНУЫҢЫЗДЫ СҰРАЙМЫН! 

Алдымызда қара суық күз келе жатыр. Менен көмек сұрап отырған отбасында 98 жастағы қариясы мен жаңа туған сәбиі бар, олардың жағдайы күн суытса не болмақ?!» деп алаңдаушылық білдірген жазба авторы.

Сондай-ақ, оған мессенджер арқылы Әйгерім есімді қыз хабарласыпты. Оның айтуынша, жарылыстан ата-анасының үйі күреп тастайтындай деңгейде қираған көрінеді. Ал құрылысшылар ол үйдің төбесін жабатын болса, қабырғасы бәрібір құлайтынын алға тартып, жөндеу жұмысынан бас тартқан.

«Мердігер компания да қол ұшын беруге асығар емес. Тіпті, «қайда барсаң, онда бар» деп үй иесіне сес көрсеткен екен. Мемлекеттен, бүкіл Қазақстанның азаматтарынан бөлініп жатқан қаражат қайда?! Әлде, құрылысқа жауапты пысықайлар осындай жолмен «үнемдеуге» кірісті ме?! Облыс әкімі айға бата жасап отыр ма?! Қалпына келтіру жұмыстарын жедел қолға алғандары қайда?! Неге тұрғындар шағымданып, шырылдап жатыр?!» дейді Кенжегүл Тергембаева.

Осы жазбасын автор: «ҚҰРМЕТТІ ПРЕЗИДЕНТ! Онсыз да алапат жарылыс пен дүлей қорқынышты басынан өткерген халықтың жан-жарасын одан сайын ауыртпай, қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетсін деп тапсырма беруіңізді және құрылыс жұмыстарының сапалы атқарылуын тікелей өз бақылауыңызға алуыңызды сұраймыз» деп түйіндеген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары