31 шілдеде Атырауда полицияның патрульдік қызметкерлері ереже бұзушылықтар бойынша рекорд орнатқан ресейлік мемлекеттік нөмірі бар «Приора» көлігінің 31 жастағы жүргізушісін тоқтатты. «Кордон-М» радарлық кешені желікпе жүргізушіге тиесілі жылдамдықты арттырған 43 фактіні тіркеді, деп жазады Azh.kz жергілікті басылымы.
«Ақылды техника оның соңғы екі айдағы ереже бұзушылықтарын тіркеп алды. Жедел басқару орталығына сигнал түскеннен кейін, бейнебақылау жүйесінің операторлары көлікті қалалық автомобильдер ағыны арасынан бақылап, жақын маңдағы патрульге бағдар берді. Полицейлер ереже бұзушыға тиесілі айыппұлдардың жалпы сомасы 782 750 теңге екенін белгіледі», - деп хабарлады Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жүргізушімен мұндай жағдайды алдын алу туралы әңгіме жүргізіліп, оған апта ішінде айыппұлын өтеген кезде 50% жеңілдік берілетін төлеу әдісі түсіндірілді. Оның көлігі айып тұрағына қойылды.
Естеріңізге салсақ, өткен жылдың тамызында 64 жастағы зейнеткер бір ай ішінде көлік жылдамдығын арттырып, 26 рет бейнекамераға түскен еді. Сол кезде оған 475 мың теңге айыппұл салынды. Алайда, ол жеңілдікті пайдаланып, бюджетке 228 мың теңге төледі.
Тағы да айта кетерлік жайт, өткен жылы Атырау облысында 17 «Кордон-М» және 4 интеллектуалды камераның көмегімен 32879 жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы тіркеліп, айыппұлдардың жалпы сомасы 260 миллион теңгені құрады.