02.08.2019, 17:15

«Жағдайды ушықтырып отыр»: Әділет министрлігінде бір топ әйел шу шығарды (ВИДЕО)

Министр мәселені өркениетті жолмен шешуге мүдделі екенін жеткізді. Осыдан кейін тиісті департаменттің басшысына тапсырма беріп, шу шығарған әйелдермен түстен кейін бөлек кездесу өткізуді тапсырды.

Әділет министрі Марат Бекетаевтың төрағалығымен өткен жиынға заңсыз сот шешімдері бойынша қоғамдық ұйым өкілдері кіре алмады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ақпараттық порталы.

Үкіметтік емес ұйым өкілдерімен өткен отырыста Бекетаев мәселенің мән-жайын түсіндірді. Айтуынша, шу шығарған келіншектер жиынға келген адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, мүлдем басқа мәселені шешуді көздеген.

«Негізі, олар осы жиынға қатысамыз деп, алдын ала өтініш берген жоқ, аккредитациядан өтпеді. Біз үкіметтік емес ұйымдарды ғана шақырдық. Ол кісілер бір ғана мәселе - саяси партияны тіркеуді көтергісі келіп отыр. Бұған дейін оларға рұқсат берілген жоқ. Енді, осы жерде талқыға шығарғысы келеді. Меніңше, олар осы жерде отырған адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, өз мәселесін кеңінен көрсетіп, жағдайды ушықтырып отыр», - деді Бекетаев.

Министр мәселені өркениетті жолмен шешуге мүдделі екенін жеткізді. Осыдан кейін тиісті департаменттің басшысына тапсырма беріп, шу шығарған әйелдермен түстен кейін бөлек кездесу өткізуді тапсырды.

Отырыстан кейін министрмен кездесуді талап еткен әйелдермен кездесті. Олар саяси партия тіркеуді көздеп отырған жоқ. Барлығы соттың шешіміне наразы. Соны министрге жеткізу үшін келдік деп отыр. Мәселен, біреуінің көлігін заңсыз алып қойған. Енді біреуі алаяқтың құрбаны болған.

«Мені Сүлейменова деген алаяқ алдап кетті. Үйімді кепілге қойып, қарызын төлемей қойды. Сөйтіп, маған 6 миллион теңге төлеуге тура келді. Оны сотқа бергенде судья да, прокурор да алаяқты жақтады. Менен басқа тағы бірнеше адамды алдап кетті. Маған ақшасы қажет емес, алаяқты заң бойынша соттаса болды», - деді астаналық Айман Төкенова.