Ауғанстанда 18 жыл бойы жүріп жатқан соғысты тоқтату мақсатында тәліптер Кабулмен тікелей келіссөз бастауы үшін АҚШ "мыңдаған сарбазын елден әкетуге әзір". Бұл туралы америкалық БАҚ 1 тамызда хабарлады.
Washington Post газеті мен CNN арнасы аттарын атамауды сұраған дереккөздерге сілтеп, әскер шығару Ауғанстандағы соғысты тоқтату бойынша алдын ала келісімнің бір бөлігі екенін хабарлады. Басылым жазуынша, Ауғанстандағы 14 мың америкалық сарбаз саны 8-9 мыңға дейін қысқаруы мүмкін.
Тәліптер "әлдекімнің құралына айналған режим" деп айыптайтын Ауғанстан билігімен келіссөз жүргізуден бас тартып келеді.
CNN "Қабылдануы мүмкін тағы бір шара – АҚШ-тың Ауғанстандағы елшілігіндегі қызметкерлер мен қауіпсіздік қызметі жұмысшыларын азайту" деп хабарлады.
31 шілдеде Азаттыққа сұхбат берген АҚШ-тың Ауғанстандағы арнайы елшісі Залмай Халилзад "бейбіт келісімге келудің негізгі төрт жолы барын" айтқан. "Шетелдік әскерилерді шығару, тәліптердің теракт болмайтынына кепілдік беруі, саяси реттеу бойынша ауғанаралық диалог жүргізу, сондай-ақ атысты толықтай доғару" деген елші. Жағдайдың қиын екенін айтқан Халилзад "Барлық тарап келісімге келмей жатып, ешқандай келісім болмайды" деген.
Дереккөз: Азаттық