«KZ-CERT» компьютерлік оқиғаларға әрекет ету қызметі қазақстандықтардың жеке мәліметтерінің жиналу жағдайы тіркелгенін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«KZ-CERT» қызметіне жуырда Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасынан өтінім келіп түскен.
Басқармадан хабарланғандай, жуырда балаларды балабақшаларға тіркеу бойынша ақылы қызмет көрсететін әлеуметтік желідегі парақшалар жұмыс істей бастаған. Осы ретте аталмыш парақшалар қазақстандықтардың жеке мәліметтерін заңсыз жинап жатқаны азаматтарды алаңдата түскен.
«KZ-CERT» өз кезегінде талдау жұмыстарын жүргізе отырып, Instagram желісі мен «OLX» онлайн-дүкенінде келесі мәтіндегі ақпараттың тарағанын анықтап отыр: «Біздің парақша балабақшалардағы орындарға тәулік бойы мониторинг жүргізумен айналысады. Біз e.astana.kz электронды әкімдігінің сайты арқылы жұмыс жүргіземіз. Бұл Қазақстан Республикасының жалпы халқына қолжетімді сайт. Сайтқа электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы кіруге болады. Сіз тек өзіңіздің үйіңізге жақын балабақшаны таңдап алып, ЭЦҚ кілтін ұсынсаңыз болды. ЕСКЕ САЛАМЫЗ: барлық жұмыс заң аясында жүргізіледі. Тек бағыттама берілгеннен кейін ғана ақы алынады. Осыдан кейін Сіздің барлық жеке мәліметтеріңіз сәтті түрде жойылады».
Интернет оқиғаларына жауапты қызмет аталмыш жағдайда жеке мәліметтерді жинау жұмысы сендіру тетігі арқылы жүргізіліп жатқанын ескертеді.
«Баланы балабақшаға кезекке орналастыру, кезек нөмірін бақылау, балабақшаға бағыттама алу – барлық қызметтерді ата-аналар e.astana.kz порталының сайтынан тегін ала алады. Оның үстіне аталмыш қызметтер үшін ешқандай ЭЦҚ-ның қажеті жоқ. Авторизациялау мен ары қарай қызметті алу үшін ЖСН нөмірін, ата-ананың телефон нөмірін және бір рет тексеруші СМС-пароль нөмірін енгізсеңіз болғаны. Сол себепті, бөгде адамның бұл формаларды толтыруы ҚР заңнамасына қайшы келеді. Сіз берген ЭЦҚ кілті мен жеке мәліметтеріңіз басқа мақсатта пайдаланбайды деп ешкім кепілдік бермейді», - деп түсіндірді Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының стратегия, талдау және цифрлы технологиялар бөлімінің басшысы Жазира Асанова.
Кез келген адамның ЭЦҚ кілтін тауып алу арқылы алаяқтар «Электронды Үкімет» порталында азаматтардың жеке мәліметтерін пайдаланып, мемлекеттік қызметтің түр-түрін ала алады. Осыған байланысты «KZ-CERT» қызметі мен елорданың білім басқармасы барлық ата-аналарға осыған ұқсас мәлімдемелерге сенбеуге, қызметтің бәрін e.astana.kz ресми жүйесінде алуға шақырады. Жоғарыда аталған интернет-ресурстар анықталған жағдайда 1400 нөміріне хабарласуға немесе @kzcert телеграмм тобына хабар беруге болады.
«KZ-CERT» компьютерлік оқиғаларға әрекет ету қызметінің нөмірі мен электронды поштасы: 8-717-255-99-97, 1400(моб.) E-mail: info@kz-cert.kz; incident@kz-cert.kz https://t.me/kzcert.