Ләззат есімді жезөкшелікпен айналысып жүрген қыз бұл кәсіпті уақыты келгенде тастап, сәтті тұрмысқа шығудан үмітті, деп жазады Zamana.kz.
«Айына 200 мың теңгедей ақша табамын. Бірақ тапқанымның қайда кетіп жатқанын білмеймін. Жеңіл жолмен келген ақша жеңіл жолмен кетіп жатыр. Мен адал жолмен жұмыс істеп, ақша тапқым келеді. Қазір де жұмыс іздеп жүрмін. Бірақ осындай оңай жұмыс істеп үйренгеннен кейін басқа жұмысқа тұрсам, ары кеткенде 1-2 апта ғана жүремін. Шыдай алмай, ол жерден шығып кетемін», – дейді.
Ол осындай жолмен өзге ұлт өкілдеріне де қызмет көрсетіп жүргенін жасырмайды. Түріктердің, әзірбайжандардың, орыстардың, кәрістердің, тіпті ағылшындар мен қытайлардың келетінін, ондай жағдайлардың жиі болып тұратынын да айтыпты. «Ақшасын төледім, айтқанымды жаса!» – деп қысым көрсететіндердің де болатынын, дегенмен ақша үшін бәріне шыдайтынын да жеткізіпті. Уақыты келгенде бұл істен қол үзіп, тұрмысқа шыққысы келетінін де сөз еткен.
«Негізі кезінде жезөкшелікпен айналысқан қызға еркектердің қалай қарайтынын білмеймін. Бірақ қасымда бұрын жұмыс істеген үш-төрт қыз болған, солар тұрмысқа сәтті шығып кетті. Мен де солай тұрмысқа шығамын деп ойлаймын. Бірақ ол кезде мен өзіме пәктік белгісін салдырып алып, «нормальный» жігітке күйеуге тиемін. Себебі қазір 21-ші ғасыр, бәрін істеуге болады», – дейді ол.