$ 498.34  519.72  4.85

Қарағандыда жедел жәрдем қосалқы станциясының құрылысында ақау шықты

Ендігі кезекте тапсырыс беруші сот арқылы аталмыш олқылықтарды жоюды талап етіп отыр.

Қарағандыда Майқұдық шағын ауданында жаңа жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясы салына бастады. Алайда мердігерлердің жұмысында ақаулар анықталған. Ендігі кезекте тапсырыс беруші сот арқылы аталмыш олқылықтарды жоюды талап етіп отыр. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.

«ТехСтройСнаб ЛТД» ЖШС жылына 25-50 мың шақыртуды қамти алатын қуаты бар жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясының құрылысына арналған конкурсты жеңіп алды. Бастапқыда мердігер бөлінген сомадан 33% көлемінде үлкен жеңілдік берген болатын. Компания 353 млн теңгеге нысан салуды қолға алды. Нәтижесінде үнемдеу салдары сапаға әсерін тигізді. Құрылыс 2018 жылдың шілде айында басталды. Жұмыс барысында техникалық тексеру қорытындысы бойынша бұзушылықтар анықталды», - деді Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Ниязбек Бейсембаев.

Әкімшілік-тұрмыстық кешеннің ғимараты нөлдік белгіден 30 см төмен отырғызылған. Қабатаралық жабындардың кірпіштері мен плиталары ғимараттың іргетастарына қарай жылжи отырып төселген. ӘТК және гараж ғимараттарының осьтерін бөлу жобадан ауытқушылықпен орындалған.

 

Осының барлығы құрылыс сапасына кері әсерін тиігізген. Ең бастысы – құрылысқа ешқандай кепілдік берлімейді.

Дәл осы мердігер компания Майқұдықтағы Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын өткізуде де олқылықтар жіберген. Бұл нысанға қатысты 2019 жылы сот үкімі шығуына байланысты құрылысшылар мемлекеттік сатып алуға қатысатын алақолдар тізіміне енген болатын.

Енді олар кезекті құрылыс нысаны бойынша тағы да сот қарауына түседі. Мердігер компания өз еркімен аталған ақауларды жөндеуден бас тартып отыр.

«Қабылданған шарттық міндеттемелерге теріс пиғылмен, құрылыс мерзімдерін сақтамаумен, құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарын орындамаумен, сондай-ақ "ТехСтройСнаб ЛТД" ЖШС-не қатысты құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасыз орындалуымен байланысты сотқа талап арыз берілді. Біз ескертулерді жойып, нысанды жобаға сәйкес келтіруді талап етеміз. Сот отырысы 6 тамызға белгіленді. Бұған қоса, орын алып отырған жайттарға байланысты мердігерлер өз кезегінде жауапкершіліктен жалтарып, жобаны түзетуді талап етпекші», - деді Ниязбек Бейсембаев.

Дереккөз: BAQ.KZ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Қарағанды