$ 498.34  519.72  4.85

«Жастық шақ» атты поэзия кеші ұйымдастырылды

Кеш жастардың патриоттық сезімін арттыруға өзіндік себебін тигізді.

Қарағанды қаласының ЖОО-ның және жастар қанаттары мен этномәдени бірлестік өкілдері «Жастық шақ» атты поэзия кешін ұйымдастырды. Кеш жастардың патриоттық сезімін арттыруға өзіндік себебін тигізді.

Өнерлі өрендер жыр кешіне келген қонақтарға арнап ән мен жырдан шашу шашты. Тәттімбет атындағы өнер колледжі студенттерінің орындауында классикалық музыка шырқалса, талантты жастар Александр Пушкиннің, Анна Ахматованың, Роберт Рождественскийдің, Эдуард Асадовтың, Марина Цветаеваның, Сергей Есениннің өлеңдерін оқыды. Мұқағали Мақатаевтың танымал әрі сүйікті өлеңдерін нақышына келтіре оқыған «Күлтегін жыры» байқауының жеңімпазы Елизавета Седышева өз шығармаларын да көпшілік назарына ұсынды.

Кештің сценаристі және басты ұйымдастырушысы Нұрсұлтан Тәліпов «Жаңғыру жолы» ҚХА жастар қозғалысы аймақтық штабының мүшесі болып табылады. Жан-жақты, креативті азамат - Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенті.

Көрермендер талантты жастардың оқыған өлеңдеріне, ортаға салған өнерлеріне тәнті болды. Виталий Плешков пен Анита Кан орындауындағы би нөмірлері келелі кездесудің ажарын аша түсті.

«Поэзия – ойды баяндаудың ең қысқа түрі, тіпті адам қабілет-қайнарының ең үлкен жетістіктерінің бірі болар деп ойлаймын. Аталған іс - шараға қатысқаныма өте қуаныштымын», - дейді жас ақын, ҚарМТУ студенті Доскей Ботпай.

Бұл кеште көрермендер өткенді еске алумен қатар, қиялымен болашаққа сапарлап қайтқандай әсерге бөленді. Өнер кешінің соңында Шевченко атындағы Қарағанды облыстық украин тілі серіктестігінің төрайымы Зеновия Красивская аталған игілікті шараға қатысқан қонақтарға және белсенді атсалысқан студенттер мен ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Қарағанды