24.07.2019, 16:40

Қарағандылықтар жас құтқарушы-өрт сөндірушілердің халықаралық слетіне қатысты

Чемпион кубогын иелену үшін Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінен және Қазақстанның 14 облысынан жиналған қатысушылар өзара бақ таластырды.

Қарағандылықтар жас құтқарушы-өрт сөндірушілердің халықаралық слетіне қатысты. Шара Көкшетау қаласында шілденің 15-і мен 19-ы аралығында өтті. 

Чемпион кубогын иелену үшін Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінен және Қазақстанның 14 облысынан жиналған қатысушылар өзара бақ таластырды. Қарағанды облысының намысын № 32 мектептің командасы қорғады. Өткен жылы олар «Жас құтқарушы» облыстық сайысының жеңімпазы атанған болатын. 

Тәжірибелік дәрістерді біздің оқушыларға Қарағанды облыстық ТЖД және Апаттар медицина орталығының мамандары жүргізіп, жаттықтырды. Жас құтқарушылар өрт сөндіру, іздеу жұмыстары, суда құтқару, алғашқы медициналық көмек көрсету және басқа да көптеген дағдыларды үйренді. 

Өз білімдері мен машықтарын жас құтқарушылар слетте көрсете білді. Қатысушылар 3 күн аралығында түрлі кезеңдер мен сайыстардан, байқаулардан өтті. Алғашқы күні қарағандылық команда «Таныстыру» байқауында 2-ші орынды иеленді. Екінші күні «Табиғи жағдайда іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу» және «Өрт сөндіру эстафетасы» атты кезеңдерден өтулері тиіс болатын. Қарағандылық құтқарушылар өрт сөндіру эстафетасында 5-ші орынға қол жеткізді. 

Слеттің үшінші күні жас құтқарушылар «Техногенді аппатар аймағындағы апаттық-құтқару жұмыстары», «Су акваторияларындағы құтқару жұмыстары» кезеңдері бойынша сайысты. Бұл жарыстарда Қарағанды командасы 5-ші және 8-ші орындарды иеленді. 

Сайыстардың қорытындысы бойынша қарағандылықтар жалпы командалық есепте 18 команда арасында 10-шы орынға қол жеткізді.

Слеттің жабылу салтанатында командаға ҚР ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институты бастығының алғыс хаты берілді. Сондай-ақ әрбір қатысушыға естелік кәдесыйлар табыс етілді.

Тегтер: Қарағанды