Нұр-Сұлтандағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «AZT» заманауи елордалық театры өз жұмысын бастады, деп хабарлады Sn.kz ақпараттық порталы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің ресми Instagram-парақшасына сілтеме жасап.
Жаңа өнер орталығы қала қонақтарына «Шекспирдің арманы» қойылымымен өз шымылдығын ашты.
Театр ансамблі 15 жас таланттан құралған:
театр директоры - Жекебатыр Камен,
режиссері - Аян Әлімбаев,
көркемдік жетекшісі - Сабыр Батырхан,
Әртістер: Аяулым Муминова, Марғұлан Наменов, Айжарқын Абай, Сабира Сугурова, Дархан Алдоңғаров, Нұрғазы Жұмабай, Аян Батырбек, Алибек Еріков, Ұлжан Қаламышева, Мадияр Жақып, Расул Ерназаров, Асхат Байтілеу.
Олар - халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты. Театрдың басты ерекшелігі - бір қойылым үш тілде өтеді. Яғни, бұған дейін бірде-бір театр бұл бағытты ұстанған жоқ.⠀
«Шекспирдің арманы» спектаклі көптеген көрермен жинады. Қымбат Тілеуованың айтуынша, олар «Жастар жылында» жас ұрпаққа қолдау көрсетуді мақсат етіп отыр екен.
⠀
«Біздің басты мақсатымыз - жастарға қолдау көрсету. Заманауи елордалық театр еліміздің көрікті жерлерінің бірі болады. Сіздердің үміт артқандарыңызға қуаныштымыз», - деді өзінің құттықтауында Қ.Тілеуова.⠀
Бір жарым сағат бойы әндер шырқалды, билер орындалды, көрермендер күліп, жылады. «AZT» театрының алдына үлкен мақсат қойылды. Театрдың жас мүшелері болашақта қазақ театр өнерінің шоқжұлдызына айналатын болады. Ертеңнен бастап театр ұжымы Рақымжан Отарбаевтың «Нашақор туралы қысқа әңгіме» драмасына дайындық жұмыстарын бастайды.