Арыстағы алапат жарылыстан кейінгі тұрғындардың баспаналарына қатысты ащы шындықты айттым деген ақсақал құзырлы орындағылар қысым жасауда деп шағымданды.
Айтуынша, әлеуметтік желідегі сұхбаты жергілікті билікке ұнамай қалған көрінеді. Мен тек көрген-білгенімді ғана айттым деген азамат дәл бүгін Арыс қаласындағы отызға жуық үйді журналистермен бірге аралап, тікелей эфирге шыққанын, ол үйлердің құрылысы әлі басталмағанын көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Биліктің Арыстағы үйлердің 90%-ы жөнделді дегеніне сенбеген ақсақал Убайдулла Сүйімбаев журналистермен бірге үйлерді аралады. Ол желілерде тікелей эфирге шыққанын айтады. Үйлердің шатыры мен терезелері біткен шығар, бірақ құрылысы біткен жоқ деп отыр.
Оның соңғы кездері желіде аса белсенді болғаны жергілікті билікке жақпай қалса керек. Қаладағы үйлердің біріне кірген сәтте өзін полиция іздеп жүргенін білген.
"Егер мені шақырсаңыз, ресми түрде шақырыңыз қағаз жіберіп. Не себепті екенін айтыңыз дедім полицияға", - дейді қария.
Ол құрылысы бітпеген, тіпті, әлі басталмаған үйлердің барын айтады. Соның бірі - Мұса Шоқановтың баспанасы. Үйдің сүрілгеніне 22 күн өтсе де, әлі іргетасы да құйылмады дейді арбаға таңылған жан.
"Жобасын сызатын адамдар жоқ. Маған жобасын сызып алып кел дейді. Оны қалай сыздырып апарамын?", - дейді Мұса Шоқанов.
Ал, құрылыстқа жауапты мамандардың өз уәжі бар.
"Бізге құрылысты бастатпай, бригаданы қайтарып жіберді. Ол үй салмай-ақ ақшасын бере сал, мен Шымкенттен үй салам дейді", - деді Нұрлан Тыңғозиев.