09.08.2019, 18:20

Менингитті жұқтырып алмаудың жолдары қандай?

Тамызда басталған менингит маусымы қазан айына дейін жалғасады, дейді дәрігерлер.

Нұр-Сұлтан қалалық сапаны бақылау және тауар мен қызмет қауіпсіздігі департаментінің жетекшісі Сәдуақас Байғабылов тұрғындарды менингит маусымының созылуына байланысты профилактикалық шараларды қолдануға шақырды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі, Today.kz-ке сілтеме жасай отырып. 

Тамызда басталған менингит маусымы қазан айына дейін жалғасады дейді дәрігерлер. Бүгінде елордада 77 адам ауруға қарсы ем қабылдаған. 34 бала, 4 ересек адам әлі де ем-дом шараларын жалғастыруда. 

Менингитке көбіне балалар мен жасөспірімдер шалдығады. Ересек адамдар сирек ауырады. Мамандар дер кезінде емханаға көріну қысқа уақытта жазылуға мүмкіндік беретінін айтады. Ауру асқынып кетсе, мидың қабынуына соқтырады. Әрі жұқпалы түрге ауысады. Бір жылдары ауруды елемеудің арты кісі өліміне дейін жеткені белгілі. 

Сырқаттың белгілері: бастың ауруы, бөртпенің пайда болуы, дене қызуы, жүрек айну, диарея. 

Негізі менингит инфекциясына қарсы дәрі немесе вакцина жоқ. Бірақ қарапайып әрі тиімді профилактикалық шараларды қолдану аурудың алдын алуға көмектеседі. Мәселен, рұқсат етілмеген су қоймаларына шомылудан аулақ болу, бөтелкедегі немесе қайнаған су ішу, жеке бас гигиенасы ережелерін ұстану, жеміс-жидек пен көкеністі тұтынар алдында жақсылап жуу сияқты шаралар сырқаттан сақтайды.