Дүниежүзінің жұрты сәті түссе, Тибет тауына шығып, көкірек кере дем алып, шамбалалар қасиетін жүрегінен өткізуге құмбыл. Қолы жеткендер бойындағы кеселдерден арылдым, жан-дүнием тазарды деп келеді. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, аспанмен амандасқан сол Тибет тауларының қасиеті осы біздің Ақмешіт үңгірінде бар.
Геомагниттік толқындарды зерттеп жүрген Мұсатілла Тоқановтай ғалымның басқа шаруасын жиып қойып: «Ақмешіт!» деп шырылдауынан осыны ұққайсыз. Өйткені, киелі Ақмешіт үңгірі жоғарғы күш-қуатты, таза энергетикалық ауа ағымдары шоғырланған толқынды аймақта орналасқан. Ақмешіт үңгірінің күмбез шаңырақты құрылымы адам ағзасына оң әсер етіп, кір энергиядан тазартып, иммундық күш-қуатын оятып, келеңсіз ауру-сырқаудан арылтады.
Ақмешіт үңгірі - Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданындағы Көктерек ауылының жанындағы Қаратау сілемінің бөктерінде.
Қасиетті, киелі Ақмешіт 250 метр биіктікте таудың сілемінде орналасқан. Үңгірдің кіре берісінде ені шамамен 10-15 метр көлемінде, арнайы орнатылған темір сатымен 35 метр төмен түскенде бірден жаздың аптап ыстығы +35, +40 градустан үңгірдің іші қоңыр салқын, +18-20°С салқын лебі ұрып тұрады. Үңгірдің бір кереметі: ені 60-80 метр, ұзындығы 120 метр, биіктігі шамамен 35 метр күмбез іспеттес.
Киелі Ақмешіт күмбезінің әр жерінен су тамшылап тұр. Күмбез шаңырақтың қасиетінің арқасында қысы-жазы тамшылағанымен ауа да ешқандай келеңсіз патогенді ауру бактерияларының болмау себебінен ешқандай көгеру, шіру тіршіліктері байқалмайды.
Арнайы «биолокациялық» құралмен асықпай Ақмешіттің әр метрін тексеріп шыққанда, үңгір ішінде адам денсаулығына кері әсер ететін геомагнитті толқынды әсерлерді таппадық.
Қазақи көзқарас дәстүрімен айтатын болсақ, Ақмешіттің кереметтілігі сол, адам ағзасын байлайтын жаман энергия: тіл, көз, дуа және жаман жердің геомагнитті әсерлерін сылып тастайтындығында!
Біздің Қазақстан өңірінде теңдесі жоқ өлкелері мен зәулім тарихи кесенелер көптеп кездеседі. Ақмешіт табиғаттың өзі тудырған - киелі жер. Мұнда жарты сағат болған адам киелі жердің қасиетін өз ағзасымен толық сезіне білу мүмкін емес. Кем дегенде күніне екі рет Ақмешіттің ішінде намаз оқып, Алла тағалаға құлшылық жасап, медитация жасаса емдік қасиеті зор болады.Киелі Ақмешіт үңгірі жоғары күш-қуатты, таза энергетикалық ауа ағымдары шоғырланған толқынды жер.
Тылсым дүниені зерттейтін емші, ғалым күнделікті 5-10 адамның кір энергиясын тазарта алатын болса, киелі Ақмешіт күнделікті мыңдаған адамға жәрдем бере алатын денсаулық орталығы болар еді.
Ақмешіт - био және экотуризм. Насихаты жақсы болса, туристерді магниттей тартатын киелі мекен. Біздің ұсынысымыз, дәл осы жердің аумағына сауықтыру орталығы салынуы керек.